Археологтардан кімді білесіз?

Археологтардан кімді білесіз?

    Археология – тарих ғылымының бір саласы. Өткен мен бүгінді жалғайтын көпір. Адамзаттың, қоғамның  революциясы мен кезеңдерін зерттейді. Сіздерге халықты өткенге үңілдіріп, болашаққа мұра  қалдырған біртуар археологтарын ұсынып отырмыз.

    Ең негізгі зерттеу нысаны алғашқы қауым мен ерте заман мен орта ғасырлардан қалған материалдық ескерткіштер: еңбек құралдары, қару-жарақ түрлері, мекен-жай, қоныстардың, керуен сарайлар мен әскери бекіністердің жұрты, үй-іші заттары, зираттар, обалар және тағы басқалар. Қазақстанда, Орта Азияда археологиялық зерттеулер 19 ғасырдың 70-жылдарында басталған. Бұл зерттеулер  Василий  Радлов, Николай Веселовский,  Петр Лерх, Василий  Бартольд есімдерімен жіті байланысты. 1920 -1930 жылдары Әлкей Марғұлан, Сергей Руденко, Александр  Бернштам және тағы басқа да археологтар басқарған экспедициялар Қазақстан жерінде қазба жұмыстары мен күрделі археологиялық барлау жүргізді. Кез келген адам өткенін білгісі келеді. Тарих ғылымының айнасы болған археологтардың жасап жатқан еңбегі зор. 

    Шоқан – қазақтың тұғыш археологі. Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (шын есімі Мұхаммед Қанафия) – демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы. Халқымыздың біртуар ғалымы Ш.Ш.Уәлиханов ғылымның барлық салаларынан жетік білімдар болған десек, артық айтқан болмаймыз. Ғалым Жетісу мен Тәңір тауының бөктерлерінен өткенде жол бойында кездескен көне дәуірдің ескерткіштері оған үлкен ой салып, қатты әсер етеді. Әсіресе, қазақ жерінде қала мәдениетінің, тау баурайларындағы қыстаулар, суландыру жүйелері қазақ халқының жартылай отырықшы халық болғандығын дәлелдейтінін өзінің «Қазақ егіншілері» атты ғылыми еңбегінде жазады. Ғалым жерімізде кездесетін көптеген археологиялық ескерткіштерді көне және жаңа молалар деп екі топқа бөліп қарастырған. Ғалым бұл молалардың барлығы қазақтардікі деп тұжырым жасаған. Әрине, бұл молалардың барлығы қазақтардікі деп қарауға болмайды. Қазақ халқының құрамына кірген үлкенді-кішілі, ерте және кейінгі кездегі ру-тайпалардың молалары екендігіне ешбір дау жоқ. Бірақ та олардың сыртқы көріністері, жерлеу әдеп-ғұрыптары әртүрлі. Ғалым оларға қазба жұмысын жүргізбеген соң ол кезде нақты пікір айту ертелеу болды. 

    Біздің тарихымызда Шоқан Уәлихановты қазақтың тұңғыш археологі деп атайды. Ол кісінің Қашғарияға сапары ағартушылық саласындағы елеулі еңбек ретінде танылды. Сонымен қатар Шоқан Шыңғысұлы Ұлытау-Жезқазған өңіріне сапар шегіп, Алаша хан мазары, Жұбан ана кесенесі, Аяққамыр күмбезі секілді сәулет ескерткіштерін сипаттаған. Ер Едіге, Қойлыбай бақсы, Байғозы, Жаулыбай және Оразымбет батырлар жайлы тарихи деректер қалдырған. Бұл құжаттар бүгінде қазақ мәдениеті үшін құнды дүниелер саналады. Ал Шоқан Уәлиханов XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі ретінде белгілі. 

     Әлкей Марғұлан 1904 жылы 11 мамырда қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Қазақстан археология мектебінің негізін салушы, ғылымның көптеген салалары: этнография, тарих, шығыстану, әдебиетану, өнертану бойынша көрнекті қайраткер. Академик Ә.Х. Марғұлан берілген мәліметтер бойынша 14 томдық негізгі еңбектерінен тұратын зор ғылыми мұра қалдырды. Ол қазақ халқының тарихы мен әдебиетін зерттеуге зор еңбек сіңірді. Оның қаламынан туған тарих, археология, этнография, әдебиет және өнер салаларына қатысты ондаған кітап, үш жүзден астам ғылыми зерттеу және жүзден астам энциклопедиялық мақалалар жарық көрді.  

    Зайнолла Самашев – археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, жалпыұлттық тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері, Герман археология институтының корреспондент мүшесі. Ол 1947 жылы 17 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Бестерек ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Өскемен педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша аяқтап, археология саласындағы ғылыми еңбек жолын бастаған. Отандық және көршілес өлкелердің археологиясы тақырыбында жазылған 400-ден астам ғылыми еңбектің, 37 кітаптың авторы.