Кішкентай оқушы нашар баға алып, өз бетімен үй тапсырмаларын орындай алмаса қайтпек керек? Ол үшін баланың миын жаттықтыру керек! Бұрындары IQ дәрежесі тек тұқымқуалаушылық арқылы беріліп, оны өзгертуге болмайды деген түсінік қалыптасқан еді. Алайда, ғалымдар қателескен екен. Адамның интеллекті қартайғанға дейін қалыптасатын көрінеді.
Логикалық ойлауды 3-5 жастан жаттықтырған дұрыс. Ең алдымен, бала осы жаста болған кезде ата-ана оған неғұрлым көп уақыт бөлуі керек. Бірге серуендеп, үй шаруаларымен бірге айналысқанның пайдасы ұшан-теңіз. Әрине, жаңылтпаштардың тигізер пайдасын да ұмытпаған жөн. Оларды ең оңайынан бастап жаттап, уақыт өте күрделілеріне көшкен дұрыс.
Мектепке барар уақытқа дейін логика жаттығуларын күрделендіруге болады. Ойлау қабілетін айтарлықтай жақсы нәтижеге жеткізу үшін жылдам оқумен немесе мнемотехникамен, яғни жаттау техникасымен айналысуға немесе қызықты ойындар ойнауға да болады.
Пазл
Бұл логиканы жаттықтырудың үздік тәсілдерінің бірі. Бұл ойынның үстел үстінде ойнайтын және компьтерлік нұсқалары бар. Таңдау сізден. Тапсырма – бірнеше бөлікке бөлінген суретті дұрыс жинап шығу. Барлық пазлдардың түпкі атқаратын қызметі – бала алдымен бүтін суретті есте сақтайды, кейін майда бөлшектерден бүтін сурет құрастырады.
Сандарды алмастыру
Сандарды еркін тәртіпте жазып, бала оларды есте сақтап, атап беру керек. Сонымен қатар, «екінші сан қандай болды?», «Бірінші және үшінші санды қосқанда қанша болады?» деген сияқты сұрақтарға жауап беруі тиіс.
Түбі жоқ қап
Бұл ойынға неғүрлым көп қатысушы қажет. Бірінші ойыншы «мен қапқа ... салдым» деп өзі салған затты атайды, келесі ойыншы дәл соны қайталап, өзі салған затты қосып айтады. Осылайша барлық қатысушылар жаңылысқанша кезекпен барлық қаптағы заттарды атап отырады.
Естелік-фото
Балаға жәшіктегі заттарға бір қарап, ішіндегі барлық заттарды есте сақтауды ұсыну керек. Кейін көргендерін көзін жұмып атап беру қажет болады.
Көңілді киім ауыстыру
Бұл ойынға шамамен 3-5 адам керек. Алдымен жүргізуші ойыншылардың алдына келіп тұрады. Ойыншылар оның сырт келбетін есте сақтап қалуы талап етіледі. Кейін жүргізуші есіктен шығып кетеді де, киімінің бір бөлігін өзгертеді, мәселен жеңін түреді. Қайтып оралғанда ойыншылар орын алған өзгерісті табу керек.
Аталған ойындарды кезекпен ойнаған дұрыс. Әр баланың өзіне тән ерекшелігі бар, сол себепті логикалық ойлау қабілетіне әр ойынға әр түрлі әсер етеді.