Балаларды тазалық пен тәртіпке қалай үйретуге болады?

Балаларды тазалық пен тәртіпке қалай үйретуге болады?

Қабырғаға салынған суреттер, жыртылған түс қағаздар, аппақ қабырғада "шоколадты" саусақтардың іздері, түрлі-түрлі ойыншықтар.. Бұл көрініс әрбір кішкентай баласы бар ананың қорқынышты түсі.  "Балалы үй –базар" демекші, кішкентай баласы бар отбасылар үшін бұл жағдай таңсық дүние емес. Ондай оқиғалардың орын алуы да заңдылық.

Ендеше, бұл мақалада сіздерге балаларды тәртіпке, тазалыққа үйретудің жолдарын ұсынамыз. 

Балаларға жіті айтып, түсіндіру:  

Балаларыңызға оның ойыншықтарын шашудың салдары қандай болатынын олардың көзімен түсіндіріңіз. "Легоның" кішкентай бөліктері жоғалып, бүтін бір затты шығара алмайтыны жайлы, ермексаз ашық тастаса, ол қатып қалып, жарамсыз болып қалатынын ескертіңіз. 4-5 жастан бастап балалар жағдайды бағалап, оның салдарын түсінетін қабілетке ие. Демек, бала өзінің сүйікті ойыншықтары мен заттарынан айырылмау үшін оларды жинап, өз орнына қоюды үйренетін болады. 

Әрқашан қайталап айту:
Балаларыңызды балабақшадан, мектептен алып үйге бара жатқанда, жол бойы олармен қазір үйге барған соң, не істейтінін реттілікпен айтып отыру. Мәселен, қазір үйге барған соң, киімімізді ауыстырамыз, оны орнына қоямыз, бетімізді, қолымызды жуамыз, тамақ ішеміз, ойнаймыз, сабақ оқимыз және т.с.с. Бала бұл сөзді автоматты түрде жасайтын уақытқа дейін қайталап айтып отыруыңыз қажет. 

Ойнау арқылы үйрету:
"Онға дейін санағанда, кім бірінші ойыншықтарды жинап бітеді" деген ойын ойнап, заттарды түсіне, пішініне қарай жинау секілді тапсырмаларды бірге орындаңыздар. Өзіңіздің балалық шағыңыздағы тәртіпке байланысты қызық оқиғаларды айту арқылы балаңызбен "дос" болып, сеніміне кіру арқылы өзіңізді тыңдатып үйретіңіз. 

Балалардың ұсынысын қабылдау:
Осы тәсілдердің бәрін қолданғаннан кейін балаңыз сізбен уақыт өткізуге үйреніп қалуы әбден мүмкін. Балаңыздың "Анашым, жүр бірге жинайық" деген ұсынысын жылы қабылдаңыз. Сізбен бірге уақыт өткізгісі келгенін бағалап, пайдалы әрі көңілді іспен айналысуға кеңес береміз. 

Бала көргенін істейді:

Әрбір ата-ана өзінің баласының жақсы азамат болып өскенін қалайды. Балаға жақсы тәрбие берудің ең оңай әрі тиімді жолы – өзіңізді үлгілі ұстау. Бала үлкендерден көргенін істейді. Барлығын өзіңізден бастаңыз. 
 

Баланы тәртіпке, тазалыққа үйрету жолында "жинау" жұмыстарын жаза ретінде қолданбауыңызға кеңес береміз. Бала бұл процессті жаза ретінде қабылдайтын болса, ол іске деген көзқарасы нашар болып қалыптасады. Мұндай жағдайда баланың санасынан ол ойды арылту қиын болады. Балалар оларға қуаныш сыйлайтын іспен айналысқанды жақсы көреді. Сондықтан, "жинастыру" процессін қаншалықты "көңілді" өткізсеңіздер, соншалықты балаңыз тәртіпке жақын болады. Ең соңғы кеңесіміз – балаңызды ойыншықтарын, бөлмесін жинағаны үшін мақтауды ұмытпаңыз. Бала үшін ата-ананың мақтауынан артық сөз жоқ. 
 

Сурет youtube03.com сайтынан алынды