11 жастағы қызының аузынан жаман сөз естіген Айгүл шошыды, таңғалысын жасыра алмады. Себебі бұрындары қызы мұндай ерсі қылық көрсетпейтін. Былапыт сөзді айтарын айтып, абыржып қалған кезде, анасы ашуланып ұрсысып тастады, қызы болса жылап бөлмесіне қарай бет бұрды.
Айгүлдің басынан өткен жағдай әрбір екінші ата-анаға таныс. Көпшілігі балаларының мұндай мінез-құлқына дәл осылай жауап береді. Қазіргі уақытта жеткіншектер мен жасөсіпірімдердің, тіпті бесіктен белі шықпаған балалардың да былапыт сөз айтып, бейпілауыздыққа жаны да, тілі де құмар болып барады.
Жас балалардың жүріс-тұрысын зерттеп жүрген Нью-Йорктық психолог, ғалым Фрэнсис Комптонның айтуы бойынша, бала осындай әрекеттермен өзін ересек етіп көрсеткісі келіп, жанындағыларға өзін дәлелдеу мақсатында әсер еткісі келеді. Әдепті, сыпайы бала көз сүйсіндіреді. Оның сөйлегені мен сөз саптауы, мінез-құлқы мен өз-өзін ұстауы, тәрбиесі мен білім деңгейінің көрсеткіші. Демек бейпілауыздық әдепсіздік, мәдениетсіздік деп айтсақ артық болмас.
Жеткіншекке ата-ана назары керек
Психолог Арын Шолпанның айтуы бойынша, егер бала қылығына қатысты өзін кінәлі сезінбесе, ол ары қарай да ерсі қылықтарын көрсетуін жалғаса береді. Ең дұрысы, ашық түрде жеткіншекпен сөйлесіп, кінәлі екенін сезіндіру мен түсіндіру. Қазір жеткіншектер арасында мұндай тенденцияның белең алуы кейде ата-ананың балаға қарайласуға уақытының жетіспеушілігінен туындауы да мүмкін. Жұмыскер әке-шеше ұл, қызының немен айналысып жүргенін, достары арасында өзін қалай ұстайтынын білмей жатады. Баланың көңіліне, істеп жүрген жұмыстарына аса назар аударып, керекті жерде кеңес беріп отырған жөн.
Достарының көзінше солай сөйлейді...
Баланың достарымен бірге жаман сөз айтып тұрғанын естіп, байқап жатсаңыз, бірден ашуға булығудың қажеті жоқ. Мұндай мінез-құлық араласатын ортаға байланысты пайда болуы мүмкін. Баланы бөлек шығарып алып, бұлай сөлеу:
- сырт көзге нашар көрінетінін;
- тіпті кейбір адамдардың көңіліне тиетінін, ренжітетінін, ашуландыратынын;
- осылай жалғаса беретін болса әдетке айналатынын айтып түсіндіру керек.
Сонымен қатар, сөйлеу мәдениеті дегеннің не екенін, оның маңызы мен келешек өмірдегі атқаратын рөлі туралы айту керек. Алдағы уақытта осындай былапыт сөздерді қолдану адамдармен қарым-қатынас жасауда зиянын тигізетінін және адамның тәрбиесінің деңгейін көрсететінін түсіндірген жөн.
Үлкендердің көзінше де ұялмайды...
Ал егер, бала балағат сөздерді ересектердің көзінше айтып жүрсе, бұл бөлек әңгіме. Себебі, мұндай қылық агрессияның бар екенін көрсетеді. Демек, баланың бойында ата-анаға немесе белгілі бір мәселеге қатысты өкпесі бар және осындай сөздер айту арқылы іштегі ренішін білдіреді немесе жеткіншек эмоцияналдылық тұрғысынан өзін-өзі ұстай алмайды, бақылай алмайды. Жалпы үйдегі, отбасында үйлесім мен үйлестік, ата-ана арасындағы өзара қарым-қатынас та, жеткіншек психологиясына әсер ететінін ұмытпау керек. Егер балаңыз сіздің көз алдыңызда балағат айтып тұрса, демек үйде де кейде тіл мәдениеті сақталмай жатады.
Кеңестер:
- Баланың мінез-құлқы жайында өзіңіздің не ойлайтыныңызды, сезіміңізді білдіріңіз. «Маған бұл қылығың ұнамайды», «Қатты таңғалып отырмын», «Қалай солай сөйлеуге дәтің барады?» немесе «Олай істеуге қақың жоқ!» деген сында балаға тиісетін сөздерді айтпай, өзіңіздің жағдайға қатысты пікіріңізді айтыңыз.
- Ашуланып тұрсаңыз да, «Не айтып тұрсың?»,«Не мынау?» деген сынды сөздерге қарағанда, қылығының себебін сұрап, «Неге бұлай сөйлеп жүргеніңді түсінгім келеді» деген бейтарап тіркестерді қолданған жөн.
- Баланың түсіндірмесін тыңдап, ой түйіп, оның қылығына баға беріп, өз тарапыңыздан әрекетінің себебін анықтап көріңіз.
Автор
Назерке Муса
nazerkeden@gmail.com