Кей балалар көзді бір-екі жүгіртіп шығып күрделі өлеңдерді жаттап алатын болса, басқаларына ең оңай деген тақпақтың өзін жаттау үшін көп уақыт керек. Мұнда ата-анаға асқан сабырлық пен төзімділік қажет, ал жазалау мен ұрысудың есте сақтау қабілетіне тигізер пайдасы жоқ екенін ескерген жөн.
Есте сақтау қабілетінің 2 түрі болады:
1. Қысқа мерзімді, яғни аз ақпаратты ары кетсе 1 минутқа ғана есте сақтайды
2. Ұзақ мерзімді, ауқымды ақпарат жылдар бойы есте сақталуы мүмкін
Алғашқы қабылданған ақпарат қысқа мерзімді есте сақтау қабілетіне "жазылады" да, басқа осыған байланысты қызықты ақпарат болмаса 1 минуттан соң естен шығып кетеді. Қандай да бір таныс мәліметпен байланыстырылған ақпарат ұзақ мерзімді есте сақтау қабілетінде сақталады. Ең қызығы, күні бойы жиналған және жатталған ақпарат, адам түс көргенде реттеледі екен. Сол себепті қандай да бір дүниені есте сақтау қажет болса, қайталауды бірнеше сағатқа, тіпті таңертеңгі мезгілге шегерген дұрыс. Әдетте, оңай ұйқастар арқылы өлеңдер тез есте сақталады.
Ал керісінше жағдайда төмендегі кеңестерге назар аударыңыз:
1. Бүкіл өлеңді мұқият оқып шығыңыз;
2. Баламен бірге шығарманың мағынасына үңіліп, автордың жеткізбек болған ойын, түсініксіз сөздерді талқылаңыздар;
3. Иллюстрация салыңыз. Мейлі, сіз суретші болмасаңыз да, сурет салу баланың эмоционалды есте сақтауына моторлы есте сақтауын қосады. Демек, баланың қандай да бір шығарманы жаттауына деген мүмкіндігі артады. Салынған суретті кереуеттің жоғарғы жағына немесе басқа да көрінетін жерге іліп қойыңыз;
4. Өлеңді өз сөзіңізбен түсіндіріп беріңіз;
5. Өлең ішінде қолданылатын сөздер арқылы ойын ойнаңыз;
6. Ән айтып немесе өлең мәтініне музыка таңдап көріңіз;
7. Өлеңді толығымен дауыстап оқып, басқа физикалық шаруаға ауысу, 20 минуттан соң қайта оқу жақсы тәсілдердің бірі;
8. Допты жерге ұру ырғағымен өлең оқу;
9. Ұйқыға жатар алдында дауыстап оқып, таңертен жатқа қайталау. Сосын кітаптан қарап тағы бір мәрте дауыстап оқу.
10. Өлең қайткенде де есте сақталмаса, аталған кеңесті қайта орындау.
Шағын тақпақтар мен жаңылтпаштар, санамақтар есте сақтау қабілетін өте жақсы жаттықтырады. Кез келген мейрам мен туған күн мерекелеріне міндетті түрде баламен бірге тақпақ жаттаңыздар. Көпшілік алдына шығудан қорқатын балалар үшін жанұялық қойылымдар мен қуыршақ театрын ойнаңыз. Ал ұйықтар алдында үйреншікті ертегілер мен бесік жырынан гөрі, хәкім Абайдың туындыларын оқу жөн болар.