«Бала тәбетінің нашарлауы» – бұл педиатр дәрігерлердің еститін ең көп шағымдарының бірі. Әдетте баланың тамақтан бас тартуы жәй ғана еркелік болып келеді, дегенмен кей жағдайларда бұл бей-жай қалдыруға болмайтын белгі болуы да мүмкін.
Мөлшерден тым аз тамақтану – қалыпты дамуға кедергі келтіретін қауіпті белгі. Оның нәтижесінде бала иммунитеті, ойлау белсенділігі төмендеп, есте сақтау қабілеті нашарлайды, жиі сырқаттанып, тіпті дамуы ауытқушылыққа ұшырайды. Себептері қандай болмасын, асқа жарымау – адам ағзасына ауыр тиеді, себебі ол қоректік заттардың жетіспеушілігін сезінеді. Тәбеттің нашар болуының себебін анықтау – ата-ана мен бала дәрігерінің маңызды міндеті.
Ең бірінші кезекте, ата-ана баланың денсаулығына назар аударуы тиіс. Тәбеттің болмауы кей кезде асқынған немесе созылмалы сырқаттың себебінен туындауы мүмкін. Мәселен, тұмау немесе суық тию кезінде баланың тәбеті нашарлайтыны белгілі. Бұл жағдайда баланы тамақтандыруға көндірудің қажеті жоқ, бала емделген соң тәбеті де қалыпқа келеді. Одан бөлек, бала тәбетінің төмендеуіне: аскаридоз, дисбактериоз, анемия, бауыр аурулары, стоматит, ағзадағы мырыштың жетіспеушілігі, Д дәруменінің шамадан тыс көп болуы да әсер етеді. Сол себепті бала тәбетінің жоқтығымен қоса, ауыру, әлсіздік немесе жүрек айну сияқты басқа да қосымша белгілер болған жағдайда баланы жедел педиатрға көрсеткен жөн.
Тамақтану кестесінің сақталмауы – бала тәбетінің нашарлауының алғашқы себебі. Бұл олқылық тек қана тәбетке ғана әсер етіп қоймай, асқорыту жүйесінің ауруларына әкеп соқтырады. Егер де бала күнделікті белгіленген уақытта тамақтанатын болса, тәбеті реттеліп, ас қорыту процесі тез, әрі толыққанды орындалады. Бей-берекет ретсіз тамақтану кезінде ас қорыту сөлдерінің бөлінуі де, тәбет те төмендейді.
Тамақтану кезінде асығудың да, тым ұзақ дастарқан басында отырудың да қажеті жоқ. Бала уақытылы тамақтанып, асты жақсылап шайнап жеп, күн тәртібін сақтайтын болса, тамақтану арасында жаттығулар жасап, таза ауада серуендеген жағдайда тәбеті де жақсы болады.
Құрамында қанты бар кез келген өнім аштық сезімін бәсеңдетіп, сілекей бездерінің белсенділігін төмендетеді. Бала кәмпит жеп алып, басқа тамақтың қажеттілігін сезбесе де, оның ағзасы пайдалы тағамдар құрамындағы дәрумендер мен микроэлементтердің тапшылығын сезінеді. Бұл мәселенің шешімі: толыққанды түскі астың орнын тәтті өнімдермен алмастыруға жол бермеу. Тамақтану режимін сақтаған жағдайда, тәбет бірнеше күн ішінде қалыпқа келеді.
Мамандардың пікірінше, баланың дене белсенділігінің төмен болуы да тәбетке кері әсер етеді. Егер де бала теледидар немесе компьютер алдында уақытының басым бөлігін өткізетін болса, оның энергия жұмсауы да аз болады. Бұл жағдайда аштық сезімі де сыр бермейді.
Қозғалмалы ойындар, жаттығулар, жалпы күнделікті 1,5-2 сағат таза ауада серуендеу – ата-ананы дастарқан басындағы еркеліктен құтқарады.
Сонымен қатар отбасындағы жағдайлар мен қатарластарының арасындағы қарым-қатынас та баланың тәбетіне әсер етпей қоймайды. Баланың көңіл-күйіне баса назар аударған жөн. Маусымның ауысуы, яғни климаттың өзгеруі, шаршау, баланың ұйқысының қанбауы да баланың ашқұрсақ жүруінің бірден бір себебі.
Баланы өзіне ұнамайтын тағам түрін жеуге мәжбүрлеуге болмайды! Белгілі болғандай, балалар кейбір тамақ түрлерін жақтырмайды. Бұл әдет уақыт өте келе өз бетінше кетеді. Мәжбүрлеу арқылы ата-ана балада кері рефлекс қалыптастырады, осы арқылы тәбет мәселе туындайды.
Тамақтану процесі балаға қуанышты болуы керек. Баланың тәбетін көтеруде тамақтану жағдайы маңызды рөл атқарады. Дастарқан басында ересектер барлық мәселелерді ұмытып, көңілденіп, дәмді тамақтан рахаттану керек.
Айта кеткен жөн, баланың тәбетін жоғарылату үшін ата-аналар түрлі әдіс-тәсілдерге барып жатады. Осы мақсатта жеміс-жидек шырындарынан бастап, тіпті түрлі медициналық препараттарға дейін қолданып жатады. Дәрігердің тағайындауынсыз мұндай шараларды қолдануға БОЛМАЙДЫ!