Көптеген ата-аналар балалары өскен сайын айтқанды тыңдамайтын, қайта айтқан нəрсені керісінше істейтін əдет пайда болғанда, қалай тəрбиелеуді білмей дал болады. Баламен арадағы осындай келіспеушіліктердің соңы ылғи үлкендердің ұрысуымен, болмаса жаза қолдануымен аяқталатынын білеміз. Бұл мəселе шешілудің орнына уақыт өткен сайын шиеленісе түседі. Үлкендер қашанда айқайлаумен болады, ал балалары ендігі сəтте жай сөзбен ескерткеніңізді мүлде тыңдауды қояды. Содан кейін ата-ана балаға қатаң қарай бастайды, жаза қолданады... Соңы баланың жалтаруына, жалған сөйлеуіне əкеледі.
Жалпы бала адамды жақын тани келе, оған деген қарым-қатынасы да өзгереді. Егер де жаңа танысқан адам балаға қызық болса, онда оны бала мұқият тыңдап, тапсырмаларын да орындауға дайын. Ал егер адам баланы қызықтыра алмаса, онда ол талап-өтініштерге жәй ғана мән бермей қояды.
Демек, бала алдында беделді болу үшін оны қызықтыра білу керек. Яғни баланы тек қаржылық-материалдық тұрғыдан емес, тұлғалық қасиеттермен қызықтыру маңызды.
Ата-ана баланы үнемі қызықтыра алуы тиіс. Олар қашан да белсенді, ашық-жарқын болып, баламен бірге ойнап, сырласуы керек. Ал ата-ана балаға қандай да бір өтініш жасаса, бала өздігінен орындап, олай етпеген жағдайда ата-ананың көңіл-күйіне әсер ететінін түсінетін болады.
Баланың тіл алғыш болуы үшін ата-анаға деген баланың ерекше құрметі болу керек екенін айтпаса да түсінікті шығар. Бұл «абыройды» ата-ана бала дүниеге келген сәттен бастап-ақ жинауы тиіс. Бір қарағанда баланың қызығушылығын тудыру ата-ана үшін үлкен мәселе емес көрінуі мүмкін. Дегенмен, бұл да уақыт пен төзімділікті талап ететін іс. Ата-ананың беделі қарапайым іс-әрекеттерден жинақталады. Ата-ана – бала үшін ең алғашқы ұстаз, үлгі тұтар адам. Ата-анамен уақыт өткізу алғашында барлық бала үшін қызық. Баламен бірге ойнау, есеп шығару, қолөнермен айналысу немесе көлік маркаларын жаттап, қандай да бір дүниені құрастырып шығару – балалықтың ұмытылмас сәттері. Бала бейсаналы түрде мұндай ата-ананы «тыңдау керек» екенін түсініп отырады. Ал баланың қызығушылығын болашақта сақтап қалу – ата-ананың өз қолында.
Психолог мамандар бала іс-әрекеті ауытқушылықтарының негізгі 4 себебін айтады:
1. Ересектердің назарын аудару үшін. Қалыпты дамуға қажетті деңгейде балаға көңіл бөлінбесе, ол тілазарлық арқылы бұл олқылықтың орнын толтыруға тырысады.
2. Өзін-өзі көрсету мақсатында. Ата-ана балаға тек бұйрық райында сөйлейтін болса, бұл балаға кері әсер етеді. Бала мұндай кезде қырсығып, керағар әрекеттерімен жауап береді. Бұл әрекеттің себебі - өзінің тұлға екенін көрсету. Бұл шешімі қаншалықты дұрыс емес болса да, дегенмен, ол – баланың «өз» шешімі.
3. Кек алу. Мәселен, ата-ана ажырасып кетсе, үйдің кенжесіне көбірек көңіл бөлінсе немесе отбасындағы теріс атмосфера – балаға кері әсер етеді. Соның нәтижесінде, бала өзі сезінетін жаман немесе ыңғайсыз ортаны ересектерге жауап ретінде қайтарады.
4. Өзіне деген сенімсіздік. Неғұрлым көп сын естіген сайын немесе сәтсіздіктерден кейін бала өзіне деген сенімділікті жоғалтып алады. Нәтижесінде «тырысудың қажеті жоқ, бәрібір қолымнан ештеңе келмейді» деген пікір қалыптасады. Дегенмен бала сырттай «маған бәрібір» деген кейіп танытады.
Баланы тіл алғыш етіп тәрбиелеу мақсатында көптеген ересектер түрлі қателіктерге жол беріп жатады. Осы орайда ата-анаға мамандар келесі кеңестерді ұсынады:
1. Балаңызға ешқашан өтірік айтпаңыз. Біріншіден, бала жалған сөзді тез сезіп қояды. Екіншіден, оның сізге деген сеніміне нұқсан келеді.
2. Балаңызға көбірек көңіл бөліңіз. Ересектер тарапынан немқұрайлылықты сезген бала жаман қылықтар арқылы өзіне назар аудартуды мақсат етеді. Оның орнына баламен достық қарым-қатынас қалыптастыруға тырысыңыз.
3. Балаға тым қатты болмаңыз. «Себебі түсініксіз» қатал тәрбие нәтижелі болуы да мүмкін. Алайда бала ата-ана жанында болғанда ғана айтқанды орындап, басқалардың қасында барлық тиымдарды ұмытатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл жағдайда балаға қандай да бір тиымның себебін түсіндіріп, ортақ шешімге келген дұрыс.
4. Баланы тым еркелетпеңіз. Баланы қалай да бақытты етуге тырысу - әрбір ата-ананың мақсаты. Дегенмен, шектен тыс өбектеу – перзентіңіздің болашақта тұлға болып қалыптасуына кері әсер етеді. Мұндай жағдайда бала өзін жалғыз, әрі дәрменсіз сезінеді.
5. Балаға қатарластарымен араласуға мүмкіндік беріңіз.
6. Баламен достық қарым-қатынас орнату керек, дегенмен бала сізге толыққанды «дос» емес. Баланы ересектердің проблемаларына шектен тыс араластыру – қатарластарымен араласуында қиындықтар туындатып, тіпті оқу үлгеріміне де кері әсерін тигізбей қоймайды.
Психолог мамандардың айтатын басты кеңесі – махаббатты ақшаға сатып алуға болмайды! Әмияныңыздың қалыңдығы перзентіңіз үшін маңызды емес. Балаға керегі – сіздің мейіріміңіз.