Оқушы үшін 5-сынып күрделі кезеңдердің бірі. Себебі бала енді ғана мектепке бейімделіп, мұғаліміне үйреніп, сыныптастарымен достасып қалғанда, бастауыш мектептен орта мектепке көшуі керек болады. Бұл бала үшін тағы бір стресс болуы мүмкін. Себебі ол мүлдем жаңа жағдайларға тап болады:
1. Сыныптардың бөлінуі. Бесінші сыныпта көптеген мектептерде оқушыларды бағыттары мен оқу үлгерімі бойынша топтастыратыны белгілі. Осы кезде бала қайтадан сыныптастары арасындағы байланысты орнатып, араласып кетуі керек. Егер де бала оқу үлгерімі төмен балалармен бір сыныпқа түссе, оның өзіне деген сенімсіздігі пайда болады. Баланы тереңдетілген бағдарламамен оқытатын сыныпқа ауыстыру үшін мектеп әкімшілігіне жолыққан жөн. Ал баланың сыныптастарымен тезірек тіл табысып кетуі үшін оларды жәй ғана қонаққа шақыру – баланы жаңа достарымен таныстырудың ең тиімді жолы болмақ.
2. Оқушының жаңа мәртебесі. Бастауыш мектептен орта мектепке көшкен бала – мектеп баспалдағында тағы бір саты көтеріледі. Бұл сөзсіз, мақтануға тұрарлық сәт. Сонымен қатар бұл жағдай баланы сезімтал етеді. Себебі бұған дейін бала бөлек кабинетте білім алып, басқа жоғарғы сынып оқушылармен мектеп ішінде жиі кездеспеген еді. Баламен бірге қоңырау кезіндегі жағдайларды талқылап, көмек қажет болған жағдайда кімге жолығуына болатынын айту керек. Баланың мектептегі өмірі туралы әңгімесіне мұқият құлақ түру маңызды.
3. Кабинет жүйесімен оқыту. Алғашында бала мектеп дәлізінде адасып, қай сабақтың қай кабинетте өтетінін шатастыруы мүмкін. Тіпті жеке заттарын жоғалтып жүруі де ғажап емес. Алайда бір айдан соң ол сыныптан сыныпқа көшіп жүру жүйесіне үйреніп кетеді. Бала бағытын айқындап алуы үшін күнделікке сәйкес пәннің жанына кабинет нөмірін жазып қоюға кеңес берген жөн.
4. Сабақ кестесінің ауысып отыруы. Балаға сабақ басталғанға дейін және сабақтан кейін сабақ кестесімен танысып отыру керек. Сонымен қатар, ештеңе ұмытпау үшін алдын ала портфелін дайындап қою пайдалы.
5. Тереңдетілген пәндер. Орта мектепте жаңа пәндер пайда болып, жүктеме артып, сабақтың өту тәртібі мен тіпті оқулықтардың түрі де өзгереді. Ақпаратты жеңіл қабылдау үшін балаға конспектілеуді үйреткен дұрыс.
6. Пәндер бойынша мұғалімдер. Бастауыш сыныпта әр баланың мінезінің ерекшелігін білетін бір ғана мұғалім болған еді. Ал орта мектепте әр пәннің мұғалімі өз бағыты бойынша білім береді және де сол білімді талап етеді. Сол себепті кей кезде балалардың үй тапсырмалары шектен тыс көп болуы мүмкін. Бұл жағдайда ата-аналар жиналысында сынып жетекшісімен кеңесіп, балалардың жүктемесін қадағалап отыруын сұрауға болады.
Үйде балаға белгілі бір күн тәртібі керек. Сол арқылы баланың толыққанды ұйқысын, серуендеу уақытын және оқу мен үйдегі міндеттерінен тыс бос уақытын қамтамасыз етуге болады. Әдетте, орта мектепке бейімделу процессі Жаңа жылға дейін аяқталады. Егер де бала қобалжып, ұйқысы бұзылса, мектепке барудан бас тартса, алдымен сынып жетекшісіне, қажет болған жағдайда мектеп психологіне жүгінген жөн.