Bilim Media Group ұжымы білім беру саласына цифрлық технологияларды енгізу бойынша пилоттық жобасының аясында Өзбекстан елінде іссапармен болды.
Жобаның негізгі мақсаты – білім беру саласында тәжірибе алмасу, атап айтқанда цифрлық технологиялар мәселесі мен мұғалімдер мен оқушылардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеру біліктілігін арттыру бағытында біргеістесу.
Жаңа оқу жылы қарсаңында Ташкент қаласындағы №74, 289, 168, 182, 195 және Ташкент облысының «Жоғары Шыршық» ауданындағы №1, 4, 27, 28 және №35 мектептері заманауи техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Bilim Media Group сыйлаған жабдықтар қатарында BilimLand, iTest, Twig-Bilim, iMektep кіріктірілген ресурстары жүктелген дербес компьютерлер, проекторлар мен интерактивті панельдер бар.
Құрамына білім беру саласының тәжірибелі мамандары кірген BilimLand тобы эксперименттік мектептерді барып көріп, оқыту үдерісі барысында электронды ресурстарды тиімді қолдану бойынша бірқатар тренинг пен семинар өткізді.
BMG тобы осы мектептердің ұстаздарымен танысып, компанияның өнімдері туралы әңгімеледі және келесі жылға белгіленген жоспарларымен бөлісті. Іссапар барысында ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың оқушы мен мұғалімге пайдалы жақтары талқыланды.
Мектеп мұғалімдері цифрлық BilimLand сабақтарымен танысып, жаңа құрылғыларды іс жүзінде қолданып көріп, аталған платформалар ресурстарына қатысты пікірлерін ортаға салды.
Ташкент облысы, «Жоғары Шыршық» ауданындағы №1 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Маржан Жанбаева: «Бұл ресурстар оқушылардың білімді визуалды түрде қабылдап, есте сақтау қабілетін арттыруға көмектеседі деп ойлаймын. Шет тілдерін үйренуге де пайдасы көп екен», – деді.
Ал Ташкент облысы, «Жоғары Шыршық» ауданындағы №4 мектептің директоры Ақмаржан Халикулова: «Ұстаздардың пәнді жан-жақты талдап, сабаққа жоспарлы түрде дайындалып, уақытын үнемдеуге көмектеседі екен», – деп өз ойын жеткізді.
Орыс тілі пәнінің мұғалімі Нышангүл Каюмкулова: «Бүгінгі тренингте платформадағы әртүрлі мультимедиалық материалдармен таныстық. Мұғалім оқушылардың пәнге деген қызығушылығын оятуы керек. Осы ресурстарды дәстүрлі оқулықтармен ұштастыра отырып пайдалансақ, оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артатынына сенемін», – деп жаңа заман технологиясының пәрменіне сенімін білдірді.
Жоба соңында тренингке қатысқан ұстаздардың барлығы арнайы халықаралық үлгідегі сертификатпен және сыйлықтармен марапатталды.
Bilimland тобы көрсетілген қонақжайлықтан керемет әсер алып, мектеп мұғалімдерінің компания ресурстарына шынайы қызығушылық танытқанына тәнті болды.
Bilim Media Group компаниясы халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу принциптерін ұстанады және дәстүрлі білім беру жетістіктерін ескере отырып, оқытудың жаңа әдістерінің кеңінен қолданғанын қолдайды және құптайды. Аталған жоба Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық қарым-қатынастарға игі әсерін тигізетініне және барлық салаларда терең әрі өзара тиімді серіктестікке жетелейтініне сенім мол.