ҰБТ-ны cәтті тапсыруға 5 қадам

ҰБТ-ны cәтті тапсыруға 5 қадам

ҰБТ-ға бір айға жетер-жетпес уақыт қалды. Жыл сайын мектеп түлектері дәстүрлі түрде тапсыратын Ұлттық бірыңғай тестілеудің өткізілу форматы осы жылы өзгергені белгілі. Демек биыл алғаш рет тест тапсырушылардың бірінші толқыны 20 маусымнан бастап бақтарын сынайтын болады.

Уақыт азайған сайын дайындықтың да сапасы нашарлап, түлектің ынтасы жоғарылауының орнына керісінше, төмендей түсетіні тағы бар. ҰБТ-ға санаулы күндер ғана қалды, енді не істеуге болады? Қалай дайындалу керек? 

ҰБТ талаптары мен енген өзгерістерді анықтап, мұқият танысып шығу

Қымбатты талапкер, егер болмашы дүниелер үшін дайындығың нәтижесіз болғанын қаламасаң, ең алдымен осы жылғы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ҰБТ-ға қатысты өзгерістері мен тәртібін мұқият қарап шық.

Сынаққа психологиялық тұрғыдан дайындалу

Әр адам өміріндегі ірілі-ұсақты сынақтардан өту барысында толқиды, эмоцияналдық әлсіздік танытып жатады. Ал мектеп қабырғасынан басқа жерді көрмеген түлек үшін болашақ саласын, бағытын анықтайтын сынақ тіпті үлкен стресс әкелуі мүмкін. Ата-ана, мұғалімдердің тарапынан көрсетілген сәл де болсын қысым, баланың жауапкершілігін оятады, тапсыра алмай қалсам деген қорқыныш тудырады.

Өз құқықтарыңды біл

Тестілеуге рұқсат етілген су, шоколад сияқты заттарды алып кірген дұрыс, себебі онда қарның ашып не  болмаса шөлдеп мазаң кетуі мүмкін. Ал керісінше, тыйым салынған құралдарды, соның ішінде ұялы телефон мен түрлі гаджеттерді алып кірмеген дұрыс, ол үшін тестілеуден шығарып жіберу мен сынақ нәтижесін жойып жіберуі қаупі бар.

Сенімділік

Қазірден бастап, ҰБТ өтетін күнге дейін өз-өзіңе деген сеніміңе берік бол. Шындығында, көп нәрсе сенімділікке байланысты. Егер осы сәттен бастап өз-өзіңе сенімсіз болсаң, аз балл алып қалам десең, тура солай болады. Сондықтан негативтен арыл! Сенімді болу үшін әрине, дайындық қажет.

Бар күшіңді сал

Бұл тестіні өміріңнің мәні ету қажет емес, бірақ бар мүмкіндігіңді салып дайындалғаның әлбетте, жақсы нәтиже береді. Ойын-сауық, қызық, телефон - ешқайда қашып кетпейді, тесттен кейін де оған уақыт табылады. Сондықтан мақсат қойып, оған жету тек – өз қолыңда.

Тесттен кейін...

Тесттен «Масқара, математикадан аз есеп шығара алдым, қиын болды» деп шығатындар болады. Көз жастары көл болып, ашуланатындар бар – барлығына дайын бол. Ең дұрысы, қанша жерден қобалжысаң да, уайымдасаң да көз жасқа ерік беріп, әлсіздіңізді көрсетпе, ашуға бой алдырма!

Басқа да мүмкіндіктерді қарастыр

Өмірде ақ пен қара қоса жүреді, білесің ғой? ҰБТ білім бағдарламасына енгізілгелі бері көп адам оған «лотерея ойны» деп ат қойған. Бірақ білімді, еңбекқор адам қалай болғанда да жеңіске жетеді, бір жерді тесіп шығады.

4 жыл университетте тегін оқу жетістікке жеткізеді деген сөз емес. Таңдаған пәндер комбинациясына сәйкес, басқа да салалар мен мамандықтарды қарастырып, грантқа түсудің амалдарын іздестіруге болады. Тіпті болмаса, ақылы негізде оқуға түсіп жарты семестрден кейін грантқа ауысы жағдайдалары да қарастырылған екенін естен шығарма. Яғни, барлық мүмкіндіктер мен жағдайларды қарастырған дұрыс. 

 

Автор

Назерке Муса

nazerkeden@gmail.com