Жаздың тамылжыған жайдары күндерінен аз қалып, қоңыр күздің салқыны жақындап келеді. Бұл дегеніміз үш айға созылатын жазғы демалыстың аяқталуын білдіреді. Сары күзбен қатар келетін жаңа оқу жылы да көп күттірмес. Көзді ашып-жұмғанша зырғып өтетін демалыстың соңғы күндерін пайдалы өткізу үшін әлі де кеш емес.
Баланың жазғы демалысы қалай өтуде? Жаңа оқу жылына демалыста қалай дайындалуға болады?
Бүгінгінің балалары айтарлықтай жасанды ортада өсуде. Мамандар арасында тіпті, “зертханалық балалар” деген ұғым пайда болды. Олар алдыңғы буын өкілдері секілді далада жүгіріп, бейтаныс дүниелерді зерттеуден оқшауланған, қоршаған айналаны көбіне көлік терезесінен ғана тамашалайды. Психологтар мен ұстаздар заманауи балалардың өмірлік қабілеттері дамымай, қажетті дағдылары қалыптаспай жатыр деп дабыл қағуда. Жаз мезгілі – осы жағдайды өзгерту үшін таптырмас уақыт.
Егер бала белгілі бір жаста орны бойынша бағдарын тұспалдай алмаса, жоғарғы сыныптарда геометриядан қиыншылықтарға тап болады. Демек, оның кеңістіктегі ойлау қабілетін жаттықтыру керек. Егер бала далалықтан гөрі, виртуалды әлемде көп уақыт өткізетін болса, биология сынды салаға қызығуы екіталай. Алайда жасөспірімнің табиғатты сүйіп, интеллектуалды процесске деген қызығушылығын арттыруға ата-ананың қауқары жеткілікті. Мамандар жаз мезгілін танымдық мерекеге айналдыруға болатынын айтып отыр.
Гаджеттердің пайдасы
Адам миы өте икемді келеді. Яғни, ол барлық жаңашылдыққа дағдыланып, оны шығармашылықта қолдана алады. Кезінде баспа станогы пайда болған кезде адамдар дабыл қаққан еді. Мұндағысы, «енді қолдан кітаптар жазылмайтын болады» деген қауіп. Дәл осындай жағдай теледидар, компьютер, т.б. пайда болған кезде де болды. Қорыта айтқанда, телескоп пен микроскоп та гаджеттер қатарына кіреді. Олар бұрындары көпшілікке қол жетімсіз болғанымен, бүгінгі таңда бағасы да арзандады.
Виртуалды әлем көз алдымызда даму үстінде. Танымал платформалардағы көптеген жобалар нағыз ғылыми зертханалар іспетті.
Маңыздысы, қазіргі ұрпақ сандық материяны тек қана тұтыну заты ретінде емес, танымдық құрал ретінде қолдана біледі. Бүгінгі жастар 70-жылдардағы құрдастарынан айтарлықтай өзгеше. Жаңа ұрпақ гаджеттермен күрескенді қойып, оларды білім алу құралы ретінде қолдануда.
Білмекке құмарлық
Жаз мезгілін дұрыс тәжірибемен қанықтыру маңызды. Әдетте ересектер балаларға қарағанда қызыққұмар келеді. Өзіңізді шектемей, танымыңызды кеңейтуден барынша ләззат алыңыз. Ұмытылмас оқиғалар ойлап табыңыз. Мысалы, жұлдыздарды тамашалау үшін сапарға барыңыз, түнімен көз ілмей, телескоп қараңыз. Сол секілді балық аулау, ормандағы жануарлардың ізін зерттеу сияқты әрекеттер ересектерге де қызық болса, балаларға оған қоса үлкен танымдық тәжірибе болмақ.
Дауыстап оқудың пайдасы
Жақсы кітаптар оқу арқылы әлемді үйден шықпай-ақ тануға болады. Ал баланы кітап оқуға қызықтыру үшін өзіңіз ыңғайланып отырып, қолыңызға кітап алсаңыз жеткілікті. Мамандардың пікірінше кітап оқып отырған адамның 2 түрі болады екен. Бірі, кітап оқығанда айналасына алаңдап, кедергілерге төзімсіз болады. Ол кезде отбасы мүшелері тіпті қозғалуға қорқады. Мұндай адамдар жағымсыз әсер қалдырады. Ал екіншісі, кітап оқып отырып, қасынан өткен адамға жымиса, немесе кітаптан бірнеше сөз оқып жіберсе, басқа адамның кітап оқуға деген қызығушылығын оятады. Дауыстап оқыңыз, балалар мұны ұнатады.
Баланың дербестігі
Балалар велосипед теуіп, тізесін жаралап, кесіп, қиып, турап, жағып және өшіріп өсу керек. Ия, “жетіге келгенше жерден таяқ жеп” өскен алдыңғы ұрпақ – балаларына өмірдің белсенді мүшесі болуына кедергі келтіруде. Технологиялардың дамуымен, заманауи балалар қарапайым тәжірибелерден қалыс қалуда. Ал олар оқуда да, өмірде де керек болатын жағдайлар көп.
Заманауи білім берудің негізгі принциптері: серіктестіктің құндылықтары мен дербестік. Ал осы қабілеттердің жоқ болуы – бүгінгі қоғамның өзекті мәселесі. Ол үшін баланы барынша дербес іс-әрекеттерге баулу керек. Оған түсінікті нұсқаулар беру арқылы оны ұқыптылық пен тиянақтылыққа үйретуге болады.