Мамандық таңдау мәселесі

Мамандық таңдау мәселесі

Мамандық таңдау  – кез келген адамның ересек өмірге жасайтын алғашқы қадамдарының бірі болып саналады. Қандай мамандық таңдау керек және болашақта еңбек нарығында сұранысқа ие болуға бола ма? Қай мамандық қаржылық тәуелсіздік әкеледі? Жас өспірімге бұл сұрақтарға нақты жауап беру қиындық тудырады. Себебі ол мамандықтар әлемімен жетік таныс емес, бірде бір рет жұмыс істеп көрмеген. Ал жас кезде мамандығын дұрыс таңдамаған ересектерге өмірін түбегейлі өзгертіп, басқа қызмет түріне ауысу тіптен қиын.

Мамандық таңдаудың алтын ережелері:

- мамандық таңдауға уақыт қажет

- салмақты шешім қабылдау – болашақта кәсіби даму мен сәттілікке әкеледі

- көпшілікке пайдасын тигізетін мамандық иелері басқалармен салыстырғанда бақыттырақ

Кәсіби бейімделудің 2 кезеңі:

1. Өзін-өзі тану

Бірінші кезеңде қызығушылықтар мен мүмкіншіліктерді анықтау маңызды. Бұл жағдайда арнайы психологтардың көмегіне жүгінуге де болады. Ғылыми дәлелденген тестілеу бағдарламалары өзіндік ерекшеліктер мен мүмкіндіктерді, қызығушылықтарды анықтауға септігін тигізеді. Сонымен қатар адам қабілетінің заманауи нарықтағы мыңдаған мамандықтардың ішінен дұрысын таңдауға жәрдем береді.

2. Мамандықтар мен білім беру орындары жайлы ақпарат жинау 

Екінші кезеңде жалпы мамандықтар тізімі қалыптасқан, енді олардың әр қайсысы туралы тереңірек білу керек. Түрлі мамандықтар туралы ақпараттарды ғаламтор беттерінен табу қиын емес. Алайда, мүмкіндік болған жағдайда, аталған мамандық иелерімен жеке сөйлесудің пайдасы айтарлықтай көп. Оқу орындары туралы ақпарат табу қиынға соқпас, оған қосымша білім беру көрмелеріне қатысып, ашық есік күндері ұнатқан оқу орындарына баруға болады. Жүргізілген осы зерттеулерден соң, тізімдегі мамандықтар саны айтарлықтай азайып, соңында сізді қызықтыратын нақты 2-3 мамандық түрі қалады.

Айта кетерлігі, барлық адам таңдаған мамандығы бойынша өмірінің соңына дейін қызмет етпейді. Тәжірибе жинау барысында өз қызметіне басқа қырынан қарау, күнделікті атқарып жүрген жұмысының өзіне және қоршаған ортаға тигізер пайдасы ескеріледі. Уақыт өте кей жағдайларда жұмыс бағытын өзгерту немесе, түбегейлі мамандық ауыстыру жағдайлары да кездесіп жатады.

Оқу барысында студентті мамандықты дұрыс таңдамағаны туралы ойлар жиі мазалайды. Неліктен, кейде, студент бастаған оқуын аяқтамай қалдырып кетеді немесе ешбір қызығушылықсыз оқу бітіріп мамандығынан тыс жұмыс атқарады? Себептерін бірге қарастырып көрейік:

1. Оқу барысында құндылықтар жүйесі мен әлемге деген көзқарастың өзгеруі. Мәселен, болашақ қаржыгер сандар мен қағаздармен жұмыс істегеннен гөрі, өз қолымен қандай да бір дүние жасағанның маңыздылығын түсінуі мүмкін;

2. Басқа мамандыққа қызығушылық таныту;

3. Үздік студент болуға немесе жақсы оқуға мүмкіндіктің болмауы;

4. Мамандықтың күнделікті күйбең тірлігімен танысу

Кей жағдайларда мамандық ауыстыру сыртқы ортаның жағдайларына да байланысты болады. Мысалы, еңбек нарығындағы қандай да бір мамандыққа деген сұраныстың азаюы немесе жалақының күрт төмендеуі.

Мамандық таңдаудағы қателік жіберудің тағы бір себебі – туыстарыңыздың немесе достарыңыздың жасайтын ықпалы.

Мамандық таңдаудағы ең қажетті кеңес – неғұрлым көп тәжірибеден өту. Егер де өзіңізді қызықтыратын мамандық бойынша қызмет ететін таныстарыңыз болса, міндетті түрде, мамандық туралы көп ақпарат беруін және жұмыс орнына бірге апаруын сұраңыз. Болашақ студентке келешектегі мамандығымен неғұрлым таныс болу маңызды.

Адам өзінің таңдауына сенімді болған жағдайда, барынша көп ақпарат білуге құштар болады, ісінде шығармашылық белсенділік танытып, бір сөзбен айтқанда нағыз “өз ісінің шеберіне” айналады. Сол кезде ғана “мамандық дұрыс таңдалған” деп айтуға болады.