Балалар жалғанды жалпағынан басып өмір сүргісі келеді. Ал салтанатты өмірді қамтамасыз ете алмаған жағдайда, олардың бізден көңілі қалуы мүмкін...
Тілі шығар-шықпастан бала саналы түрде жылтыраған қаптамасы бар дүниені кішкентай саусақтарымен меңзеп тұрады. Кішкентай айлакер қай жерде көңілді әткеншектер барын, қай жерде жаңғақ қосылған балмұздақ сатылатынын, қайдан кәмпит алуға болатын біледі.
Серуен кезінде бүлдіршін анасын ең қызықты орындарға тарта бастайды. Баланың сұрағанын алып беруден бас тартатын ана өте сирек кездеседі. Ал немересін жетектеген ата-әжелер туралы айтпаса да түсінікті. Мұндайда ересектер қалтасынан әмиянын шығармаса, өзін Шықбермес Шығайбай сезінеді. Оның санасы бүгін қандай да бір мереке немесе туған күн емес екенін, жаңа ойыншық алудың реті жоқ екенін айтып тұрса да, баланың көңілін қимайды. Баланың қуанышты жүзінен артық не керек?
Егер анасының өзі балалық шағында армандаған қуыршақ үйге қол жеткізе алмаған болса, ол асқан құмарлықпен баланың көзіне түскен кез келген затты алып беруге дайын тұрады. Тәттілер, балмұздақ, қуыршақтар, машиналар, түрлі-түрлі ойыншық... Мұның барлығы үшін бала анасының «мойынына отырып» алмауы да мүмкін, дегенмен мұндай жағдайда бала кішкентайынан оған «жоқ» деп айтылмайтынын ұғынады.
Кей ата-аналар баланың барлық «еркелігін» қалтасы көтеретін жағдайда болады. Мұндай ұсақ-түйек шығындар отбасы бюджетіне айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін. Уақыт өте бала сұранысы талғаммен жасалып, оның туған күніне сыйлық жасау қиындай түспек. Кішкентай «бастықты» жәй ойыншықтармен қызықтыру оңай болмас. Ең бастысы – балаға оның қалаған дүниесін алып бере беру арқылы, оны армандау мен қуана білу мүмкіндігінен айырып аласыз.
Бала үйде қонақ бар кезде немесе теледидарда қызықты фильм жүріп жатқанда не себепті ұйқыға жатуы тиіс екенін түсінбейді. Қызықты компьютер ойыны барысында оны дүкенге «нан әкелуге» жұмсай алмайсыз. Дәл сол кезде перзентіңіздің өзгелердің қажеттілігімен санаспайтын, өзімшіл болып өскенін түсінесіз. Бірақ «оған әлі ерте» дерсіз? Ал қазірдің өзінде бала қалаған кәмпитін алмаса, жер тепкілеп, көшені «басына көтереді». Не істемек керек?
Жәй ғана қарапайым бір шешім бар, ол – серуенге әмиянсыз шығу. Анда-санда саябаққа қыдырғанда баланы ақылы әткеншектерге отырғызуға болады. Бірақ әр күн сайын емес! Өзіңізді де, баланы да қызықтырмау үшін әмиянды үйде «ұмытып кету» қиын емес шығар?