Кей ата-ана «баланың басты жұмысы – оқу» деген сенімде болса, басқасы жеті жасар балаға үйдің барлық шаруасын орындатып қояды. Негізінде екі көзқарас та дұрыс емес. Отбасының басқа мүшелері сияқты, бала да үй шаруасына араласуы тиіс. Дегенмен барлығының саналы шегі болу керек.
Балаға асқан ауыртпашылық артпау үшін өзара кеңесіп, бір шешімге келген дұрыс. Бала еден жууды ұнатпаса, ыдыс жууға қарсы болмас? Берілген тапсырманы орындауды ұмытып кетсе, немесе сылтау тауып орындамаса, балаға салдарын түсіндіру маңызды.
Әрине, мектептегі қауырт тапсырмалар салдарынан бала үйдегі міндеттерін ұмытуы мүмкін. Үйдегі міндеттер мен оның орындалу уақытын баламен бірге келісіп, көзге көрінетін жерге жазып қоюдың пайдасы көп.
6-7 жастағы оқушыға тапсыруға болатын міндеттердің мысалы:
- Еден жуу
- Шаң сүрту
- Кір жаю
- Гүл суару
- Арамшөп жұлу
- Қоқыс шығару
- Дастархан жасау
- Көкөніс тазалау
- Ыдыс жуу, үстел үстін сүрту
Бала ата-анаға көмектесуі тиіс пе? Көптеген ересектер «балаға ауыртпашылық салудың қажеті жоқ» деген сенімде. Олардың ойынша, үй шаруасындағы тірлік – баланы балалық шағынан айырады.
Мамандардың пікірінше, баланың үй шаруасына араласуы – оған өзін отбасының белсенді мүшесі ретінде сезінуіне көмектеседі. Яғни ол өзінің қажеттілігін түсінеді. Баланы үй шаруасындағы жауапкершілікке баулу арқылы оның әлеуметтік қызығушылығын арттыруға болады. Сол арқылы бала үйден тыс істерге де жауапкершілікпен қарауды үйренеді.
Әдетте, ата-анасына қолғабыс жасайтын оқушылардың оқу үлгерімі де жақсы келеді. Сол себепті ұстаздармен де оңай байланыс орната алады. Ал мұндай дайындығы жоқ балалар өзін тек тұтынушы ретінде ғана көреді. Болашақта өзіне керегін тек басқалардан күтетін болады. Демек, үйде отырып алып, басқалардың қызмет етуін күту қалыпты жағдайға айналуы ғажап емес.
Уақыт өте тапсырмаларды ауыстырып, балаға жаңа тапсырмалар, міндеттер қойып отыру керек. Оқушының жасына қарай үйдегі міндеттері де күрделенуі қажет. Әлбетте, талапкер бірнеше күн қатарынан емтихандардан бас көтермеген жағдайда, түсіністікпен қарау туралы айтпаса да анық.
Ұқыпты, әрі тиянақты жасалған жұмыстың шарттарын бала жеткілікті дәрежеде ұғынуы керек. Дегенмен, баланың ынтасын арттыру үшін, әр атқарылған шаруаға жағымды баға берудің маңызы зор. Бұл жерде ата-ананың балаға көрсететін үлгісі де үлкен рөл атқарады. Баладан барынша тазалықты талап етуде, ересектер өз үлгісінде сөзді іспен дәлелдегені дұрыс.