Отырықшылық орға жыға ма?

Отырықшылық орға жыға ма?

         Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметі бойынша, әлем халқының 60%-ы белсенді өмір салтын ұстанбайды. Тіршілікті жеңілтедеміз деп тәніміздің жағдайын ауырлатып жатырмыз. Кеңседе, мекемеде жұмыс жасайтын 4 адамның  1-і денсаулығына шағымданады. Шынымен, отырықшылық орға жықпай ма?

           Ғалым Джеймс Левиннің  Science журналына мақаласы шықты. Ол кез келген ұзақ отыру қауіпті деген қорытындыға келді. Ғалым отыруды біздің заманымыздың ауруы деп атады. Мысалы, жүрек ишемиялық ауруының 6%,  қант диабетінің 7%,  сүт безі қатерлі ісігінің 10% және тоқ ішек қатерлі ісігінің 10% -ының себебі белсенді емес өмір салты.  Тіпті қатерлі ісіктің кейбір түрлерінің тез дамуына, мазасыздықтың жоғарылауына және тұрақты депрессияның пайда болуына ықпал етуі әбден мүмкін. Белсенді өмір салтын ұстанбаудың зияны шаш етектен. Жеке-жеке тоқталсақ:

  • Аз калория жағасыз. Бұл салмақ қосуға әкеледі
  • Бұлшықет күші мен төзімділігін жоғалтасыз. Өйткені бұлшық еттеріңізді қажетінше пайдаланбайсыз
  • Сүйектеріңіз әлсіреп, кейбір минералдарды жоғалады
  • Метаболизміңіз баяулап, денеңіздегі майлар мен қанттардың ыдырауында қиындықтар туындайды
  • Иммундық жүйеңіз әлсірейді
  • Қан айналымы бұзылады
  • Гормоналды теңгерімсіздік пайда болады
  • Жүрек аурулары пайда болады
  • Қаңқа бұлшықет массасының төмендеуіне әкеледі
  • Қан қысымы мен холестерин деңгейінің жоғарылауы

 

       Неліктен біз қазір 50 жыл бұрынғыға қарағанда аз қозғаламыз? Біздің отырықшы өміріміздің өсуіне ықпал ететін негізгі фактор технологияның дамуы. Бұл еңбекті автоматтандыруға, отыратын жұмыс орындарының көбеюіне әкелді. Жалпы, 1950 жылдан бері отыратын жұмыс орындарының саны 83% - ға өсті. Ал  физикалық белсенділігі жоғары жұмыс жасайтындар 25% - дан аспайды.

Бірақ мұның бәрі  тыныш отыра беріңіз дегенді білдірмейді. Мүмкіндігіңіз болса күніне жарты сағат жаттығу жасаңыз, жұмысқа жаяу барып-келіңіз. ДДҰ-ның жетекші сарапшылары адам күніне кем дегенде 150 минут белсенді болу  керек деп кеңес береді. Ал дұрыс тамақтану мен аэробты жаттығулар отыру уақытының орнын өтейді.

Таңдау сізде. Өмір мен денсаулық та сіздің қолда. Нені таңдайсыз?