Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры

Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры

«Тәуелсіздік тірегі – мемлекеттік тіл. Анамыздың сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» –  деп қазақтың біртуар перзенті, жазушысы, даңқты батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, ұлт тілі сол ұлттың қалыптасуы мен әрі қарай дамып, болашағы кемелдене беруінің басты қағидасы. Тілді ұмыту – мемлекеттің барлық құндылықтарынан, тарихынан ада болу. 

          Мағжан Жұмабаевтың тілінде айтсақ:

«Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың…

Алтын күннен бағасыз бір белгі боп,

Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!».

           Иә, заман өзгерсе де, адам өзгерсе де, тек бір нәрсе өзгермейтіні хақ: ол – ана сүтімен бойымызға дарыған, халықтың қандай қиындықтан өтсе де өзімен бірге алып жүретін басты байлығы – баба тілі, ана тілі.   

         Тарихқа аз ғана көз жүгіртсек, қазақ тілінің мемлекеттік, саяси ауқымы сонау патшалық отарлау заманы кезінен бастап-ақ төмендей бастағаны белгілі. Түрлі саяси өзгерістер мен ұжымдастыру жылдарында жіберілген қателіктер, ашаршылық салдары Қазақстандағы демографиялық процестердің қалыпты арнасын бұзып, республиканың ұлттық құрамына ықпал етті, сайып келгенде, мұның өзі қазақ тілінің дамуына орасан зор зиян келтірді. Міне, тарихи деректерден байқағанымыздай, басынан осыншама қиын-қыстау кезеңдерді өткерсе де, тілімнің болашағы – ұрпағымның болашағы деп, бабаларымыздың басын бәйгеге тіге отырып, бізге аманат еткен тіліміздің тұғырын биік ұстамау – ұлтқа сын.

          Бүгінде жаһандану дәуірінде жас ұрпақтың алдында бірнеше тілді қатар меңгеру қажеттілігі тұр. Өзі өмір сүріп отырған заманның қарқынына ілесу, дамыған отыз елдің сапына түзелу үшін, әлемдік аренада өзіндік орны бар алып тілдерді меңгеру талабы тастай қағида болып тұрғаны бәрімізге мәлім. Осы жолда өзге тіл мен өз тілінің қадір-қасиетін ажырата білетін, басқа тілдерді жетік меңгере отырып, ұлт тілін биіктерге көтеретін кемел ұрпақты дайындау ұстаздар алдында тұрған үлкен міндет.

         «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт. Мектеп пен баспаның иілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді, мектеп пен баспада қолданудан қалған тіл – шатасқан тіл. Ол ел – сорлы ел, мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды… Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол – күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу, бұл – сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате» – деп жазушы Халел Досмұхамедұлы  айтып кеткендей, еліміздің ертеңі  – жас ұрпақтың санасына тілді қадірлеуді сіңіру, жүрегіне тілге деген құрметті, сүйіспешілікті, жанашырлықты ұялату –сіз бен біздің парызымыз.  

           Тіл болашағы – ел болашағы. Ендеше, жеке тұлғадан құралатын ұлт тағдырына  үлкен жауапкершілікпен қарайтын уақыт келді. 

           Өзгенің жылтырына қызығамыз деп, өзіміздің алтынымыздан көз жазып қалмайық!

 

Еркинбекова А.Т.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі