Осыдан бір жыл бұрын тоғыз тілді жетік меңгерген полиглоттан қабілетінің құпиясы жөнінде сұрағанда, былай деп жауап берген еді: «Кез келген тілді грамматикасын түсіну, үйрену арқылы ғана меңгеруге болады». Яғни, қандай да бір тілдің грамматикасын меңгермей, сол тілде «зуылдап» сөйлеп кетемін деу, бала еңбектемей тұрып жүріп кетеді дегенге сенумен бірдей. Полиглотпен келісетін де, келіспейтін де тұстар бар. Неге дейсіз бе?
Әлемде он, тіпті одан да көп тілді жетік меңгерген адамдар жетерлік. Бір қызығы, олардың көпшілігі жастар, мектеп оқушылары және олар өздерін вундеркинд деп есептемейді. Көбінің айтуынша, олар тілді өздері үйден отырып үйренген немесе тәжірибе жүзінде меңгерген. Бұл дегеніміз, тілді грамматикасын меңгермей-ақ тәжірибе жүзінде, сол тілде таза сөйлейтін адаммен сөйлесу арқылы да үйренуге болады деген сөз. Алайда, бұл тиімді ме? Жалпы тілді жылдам әрі тиімді меңгерудің қандай тәсілдері бар? Бүгін осы тақырыпқа тоқталамыз. Төменде тіл мамандары мен полиглоттар жиі тілге тиек ететін кеңестерді ұсынамыз:
Тыңдау қабілетіне зейін қою
Ойлап қарасаңыз, жаңа туған нәресте өзінің ана тілін арнайы бір бағдарламаға жазылып, курсқа барып үйренбейді. Алғашқы тіл үйрену процесі кітап оқумен де байлынысты емес. Бала өз ана тілінде сөйлеуді тыңдау арқылы үйренеді. Демек кез келген тілді үйрену кезінде тыңдау мен есту қабілеттерінің қаншалықты маңызды екенін байқауға болады. Қазіргі кезде интернет желісінен тегін әрі тиімді подкасттар, тілдік бағдарламалары бар радиоларды оңай таба аласыз. Күніне 10-15 минут уақытыңызды подкаст тыңдауға жұмсаңыз, ерінбеңіз!
Көп оқу керек
Қандай тілді меңгергіңіз келеді? Сол тілде оқулықтар мен кітаптарды жиі оқу керек. Оқып қана қоймай, аударып, мүмкіндігінше таныс емес сөздерді белгілеп, сөзбе-сөз аудармай, мағынасына қарай түсінуге тырысу керек.
Сөздерді тіркес құрып жаттаңыз
Әр сөзді жаттағанда мысал құрастырып, ұғынып жаттау керек. Ұмытып қалмау үшін қызықты, ерекше заттармен байланыстырып есте сақтаған жөн. Сонымен бірге, бір тілді меңгеру үшін ондағы барлық сөздерді жаттау мүмкін емес екені түсінікті. Айталық, сіз ана тіліңіздегі барлық сөздің күнделікті өмірде 30-50% пайызын ғана қолданасыз. Сондықтан маңызды әрі жиі кездесетін сөздер мен тіркестерге басымдылық берген дұрыс.
Фильмдер көру
Сүйікті фильмді түп нұсқада көргенге не жетсін! Тіл үйренуге кеңестер беретін қайсыбір мақаланы қарамаңыз, барлық жерде фильм, видео көру деген ұсынысты кездестіруге болады. Алайда, кез келген фильмді субтитрімен қосып көруден керемет әсер алып, тәжірибе жинаймын деп ойлауға асықпаңыз. Себебі 1-2 сағат бойы өзге тілдегі фильмді көру адамды тез жалықтырып жіберуі мүмкін. Мұндайда ескеретін бір жайт, егер сіздің деңгейіңіз орташа болса немесе тілді жақында үйреніп бастасаңыз, өзіңіз білетін, сюжетін түсінетін фильмді таңдаңыз. Ондағы кейіпкерлер сізге таныс, оқиға желісі, өрбуі, шарықтау шегі барлығынан хабардар болғандықтан, адамдар арасындағы диалог та сізге таңсық болмауы тиіс. Фильм көру ұзақ уақытты алады десеңіз, әлеуметтік желідегі тіл үйретуге арналған арнайы каналдарға жазылып, қысқа видеоларды дайын аудармасымен тамашаласаңыз болады.
Ойыңызды білдіріп үйреніңіз
Қазіргі уақытта тілді жаттықтыру үшін курстарға жазылып көп ақша шығарғанша, арнайы платформалар арқылы төмен бағада мұғалімдермен, шетелдіктермен байланысуға мүмкіндік бар. Мәселен, қарапайым Skype әлеуметтік желісі арқылы немесе Italki.com онлайн ресурсы арқылы тілдік мүмкіндіктерді шетелдіктермен қарым-қатынас жасау арқылы тиімді бағада кейде тіпті тегін дамытуға болады.
Мэтью Олден есімді азамат тоғыз тілді жетік меңгерген және тағы он тілді түсінеді. Полиглоттың айтуынша, тілді үйрену кезінде серік, жолдас керек, ол болмаған жағдайда адам өз-өзімен сөйлесіп жаттықса болады. Тағы бір басты шарт – сол тілде күнде жаттығу, сол тілде ойлау, жазу керек.
Олли Ричард есімді полиглот тіл үйренушілерге мынадай кеңестер айтады: Өз тіліңізден бір сағат уақытқа (жаңадан үйреніп жүргендердер 5-10 минуттан бастаса болады) бас тартып, тек жетік меңгергіңіз келетін тілде сөйлеуге тырысу керек. Бұл жаттығу тек қана ой, пікір білдіру мүмкіндіктерін ғана емес, сонымен бірге ойлауға да жақсы әсер етеді. Полиглоттың Language Learning Foundations аталатын курстарында көрермендеріне тиімді болатын кеңестерді айтады.
Джон Фотерингейм тілді жетік меңгеру үшін адам бойындағы бес сезімнің барлығын бірдей қолдануды ұсынады. Сонда ақпарат жадыңызға ұзақ уақытқа сақталады. Тіл маманының тағы бір маңызды кеңесі – аудио материалдармен жұмыс істегенде өз деңгейіңізден сәл жоғарылау, қиындау аудиожазбаларды тыңдау керек. Яғни мұндай тапсырма зейін қойып, мән беріп тыңдауға, мотивация алуға тамаша тәсіл.
Лука Лампариелло есімді италиялық полиглот мынадай кеңестер береді:
1) Аудио материалдарды жиі тыңдау.
2) Сөздерді ауызша айтып жаттығып, диалог құру.
3) Мәтінді, материалды алдымен аудиосын қосып, содан кейін аудиосыз оқу керек.
4) Жеті күн бойы сандарды бірнеше рет қайталап жүру.
5) Меңгергіңіз келіп жүрген тілдегі диалогтарды ағылшын тіліне немесе өз тіліңізге аудару.
6) Ағылшынға немесе өз тіліңізге аударған диалогты қайта түп нұсқасына аудару.
Демек мәтінді бір тілден екінші тілге аудару кезінде екі тіл арасындағы байланыс, ұқсастық пен айырмашылықтар айқындалады. Аталған кеңестердің ішінен өзіңізге ыңғайлысын, тиімдісін таңдап, тіл үйренуге деген мотивацияңызды арттыра түсіңіз! Себебі тіл білу – бүгінгі глобализацияланған заманның басты талаптарының бірі.
Автор
Назерке Муса
nazerkeden@gmail.com