Тұғыр мен ғұмыр

Тұғыр мен ғұмыр

    «Бұл бүгінгі еуропалық деңгейдегі кез келген классикалық шығармалармен терезесі тең дүние. Оның бір ғана айыбы – қазақ жазушысы болғандығы... Егер бұл шығарманы дәл осы күйінде ағылшын, француз немесе испан тілінде шығарса, баяғыда әлемге тарап кеткен болар еді». Бұл жазушы Дулат Исабектің қарымды қаламгер Төлен Әбдіктің «Тұғыр мен ғұмыр» повесіне берген бағасы.

    Қазақ халқының сұрапыл кезеңдерінен сыр шертетін бұл шығармада автор кеңес заманының зияны мен ішкі қасіретін басты кейіпкердің тағдыры арқылы толықтай көрсетуге тырысады. Жасы егде тартқан Борис Ивановтың ауылға келуімен басталған шығарма, қарияның сол ауылда тұрған балалық-шағынан беріге дейінгі өмір тарихының баяндалуымен жалғасады.  Мәдениетті отбасында дүниеге келген Батырдың(Борис Иванов) әкесі Шәйкен «Халық жауы» деген айыппен ату жазасына кесіледі. Көп өтпей анасынан, кейінен 4 жасар қарындасынан айырылған Батыр, өміріндегі өзгерістерге көндіге бастайды. Сталиндік қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз қырылған отбасы; «Халық жауының баласы» деген атпен көрген қорлығы; мектеп бұзақыларынан көрген зорлығы; алғашқы махаббаты Сұлушаштың «саяси қателіктің» құрбаны болуы тек қана қуаныш пен ізгілік құшағында өскен оның жан-дүниесіне елеулі өзгерістер әкелді, өмірдің жалғандығын ұқтырды. 

    Батыр өмірін алға тарта отырып, ұлтқа төнген қасіретті жайып салған автор қолдан жасалған ашаршылықты әжеймен болған диалог арқылы  жеткізсе,  жеке басқа табынушылықтың белең алуын әзіл-қалжыңға үйір Сақанның «көсем болса да, дәмнен үлкен емес» деп Сталиннің суреті бар газетті табақтың астына салғаны үшін ұсталып кетуімен көрсетеді. Төлен Әбдік шығармада заман көрінісін көрсетіп қана қоймай, «адами қауымға тән имангершілік», ар өлшемдерін де елеп-ескере отырып, адамдықтың шынайы болмысын барынша ашып көрсетуге тырысқан. Сонымен қатар,  адам болмысындағы ұнамсыз қасиеттерді бала көзімен қарай отырып әшкерелеген тұстары оқырманның қызығушылығын артттыра түседі: «...Кейде өңкей лауазымды кісілер келеді. Олар көбіне бір-біріне ықыластарын білдіріп, неге бірін-бірі жақсы көретінін, неге осынша сыйлайтынын – біреу жоқ олай емес деп тұрғандай – өлердегі сөзін айтып дәлелдеп жатады. Өздерінің аттары да білгісіз – өңкей Бәке, Сәке, Төке...» 

    Автор өмір шындығын Батырдың жан сарайындағы өзді-өзімен болған арпалысы арқылы жеткізеді: «Ол өзінің екі адамға айналғанын сезді. Оңашада – қанжүректі қайғылы, жұрт көзіне мұқалмайтын тентек». Тұлғаның бұлайша екіге жарылуы автордың «Оң қол», «Парасат майданы» шығармаларында да көрініс табатынын байқаймыз. Автор бұл тәсілі арқылы зұлымдық пен ізгіліктің күресін оқырманға ерекше әсермен беруге тырысады. Яғни, сан-салалы сұрақтарын, философиялық ойы мен саясатқа деген сыни пікірін кейіпкердің ой-орамы арқылы жеткізеді: «...Өз Отанын жаудан қорғау кез келген адамның азаматтық міндеті екені үлкен зердені қажет етпейтін түсінікті нәрсе деп ойлайтын Батыр. Бірақ... арнайы дайындықтардан өтіп жүрген кездерде жауынгерлік рухты көтеретін асқақ сөздер күн сайын құлағына құйылып жатса да, азғантай ғұмырында көрген осынша қасіреттен кейін, мына елді отаным деп айтуға ауызым бара ма деген кесапат ой санасынан көлбеңдеп кетпей қойды». 

    Иә, Батыр ел қатарлы соғысқа аттанады. Өзге үшін өшпес ғұмыры мен өзі үшін қорлық өмірі майданда басталады.  Зұлмат соғыстың ауыртпалығына қарамай шабуылда көрсеткен  ерлігінен кейін көп өтпей фашистердің қолына түседі.  Соғыс біткен соң елге қайтарылғанда «Отанын сатқан опасыз» деген айыптан қорыққан ол, соғыста өлген бір жауынгердің құжатымен кеңес түрмесіндегі ауыр да, азапты өмірін бастайды. Атышулы қылмыскерге айналады. Ол жақсылыққа сенді, сол сеніммен өмір сүргісі келді. Алайда оған «мүмкіндік берілмеді. Оттан – отқа, боқтан боққа салды. Бар қолынан келгені – өз тағдырын жек көрді». Ауылдастары оны Мәскеу түбінде ерлікпен қаза тапты деп дәріптеп, тұғырға тас ескерткіш орнатып, мектепке атын берген.

     Шығарманың соңында: «...тұғырдың үстінде қолына автомат ұстаған жауынгердің тас мүсіні... Бірі жанды, бірі жансыз екі бейне жыға тани алмай тұрғандай бір-біріне үңіле қарап қалған. Батыр осы тұста өзіне беймәлім екінші өмірінің бар екенін амалсыз мойындағандай болды. Екі өмірдің қайсының жалған екеніне зердесі жетпеді. Бәлкім, екеуі де – шындық».  Бұл үзіндіден қоғам адамның шынайы ғұмырын танымай, оның берік «тұғырын» ғана көріп бағлайтынын аңғаруға болады. Егер адам баласы шынайы өмірін берік тұғырға қондыра білсе, сол ғұмырға өзі де, өзгелер де разылық танытар еді деген түйінге келеміз. Яғни, автордың бұл шығармасы астарлай отырып  шынайылық пен адалдықты насихаттайды.