Тұңғыш президент тәлім алған тұлғалар

Тұңғыш президент тәлім алған тұлғалар

  “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” деп қазақ тектен-тек айтпаса керек. Түрлі мамандықтардың төресі де, ең киелісі де - ұстаздық деп білемін. Шәкіртінің шамшырағына айналған, оқу-білім үйреткен, алға жетелеген ұстаз үшін шәкіртінің жетістігінен асқан бақыт жоқ шығар?! Міне бүгін осы бақытты еселеп сезіндірген, қазақ халқы тарихында есімі алтын әріппен таңбаланған, біздің тұңғыш президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың балалық шағына саяхат жасап, қазіргі Абай атындағы мектеп гимназиясында оқып жүрген кезінде мектеп директоры қызметін атқарған ұстаздарының естеліктерімен бөлісетін боламыз. Көшбасшы болып туылған кемеңгер тұлғаның даралық қасиеттері барлық жасөспірімдерге өнеге болары хақ. 


  “Елбасымыз мектеп кезінен өте зерек бала болды. Өзінің жан-жақтылығымен, ақылымен барлық ұстаздарды баурап алатын. Кітапты да көп оқитын. Тек сабақ қана емес, мектепте өткізілетін барлық шараларға белсене қатысатын” -, дейді Ақлия Бекпайқызы. Н. Назарбаев сұңғыла саясаткерлігі мен бірегей бастамалары арқылы тек Қазақ елін ғана емес, түрткіл дүниені тәнті еткен. Сонымен қатар, бала күнінен кітапқұмар болып өскен кемеңгердің жазушылық  қыры да мәлім. Тұңғыш Елбасының ұстазы Баян Әбдікәрімқызы, президентіміздің тарихи, саяси кітаптардан бөлек, әдеби кітаптарды да қызыға оқығанын айтады. Қазақ әдебиетінің төл жазушыларының туындыларымен танысып, көп уақытын көз майын тауысып кітап оқумен өткізетін көрінеді.
  Ұлы тұлғаның ұстаздары Н.Назарбаевтың бойынан мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ бауырмалдық қасиетін байқаған. Басқа қатарлас балалар сөзге келіспей, өзара төбелесіп қалып жатса, Елбасымыз оларды ажыратып, татуластыруға тырысатын болған. Достарының арасында да үнемі оларға көмек көрсетуге асығатын көрінеді. 


  Тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстанды жер-жаһанға танытқан қайраткер жасөспірім шағынан ата-анасына шаруашылықта көмектесіп, алма сатумен айналысқан. Бала күнінен табандылығы мен еңбекқорлығы басым болғандығын осыдан-ақ аңғаруға болады. Н.Назарбаев ұстаздарға да сыныптан тыс жұмыстарды орындауға көмектеседі екен. Мектепшілік ұйымдарда оқушыларды басқара білетін қабілет те Елбасының бойынан табылған. 
  Президенттің студенттік кезеңдегі достары, оның өз қатарластарынан ойлау қабілеті әлдеқайда жоғары болғанын және ішкі жан дүниесінің сезінуі мен әр мәселеге асқан байыптылықпен қарайтынын, моральдық тұрғыдан өте мықты адам болғанын айтады.
  Ел бірлігі мен ынтымақтастығын нығайтуда атқарған ерен еңбектері туралы да атап өтпеуге болмайды. Мемлекетіміздің бейбіт және ядролық қарусыз саясатын ұстанып, жаңа халықаралық деңгейге өрелеуі мен еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне көрсетілетін тең дәреже тұңғыш Президентіміздің көрегендігінің арқасы екені сөзсіз.
  Н.Назарбаевтың бойынан табылатын ең ерекше қасиеттердің бірі - жанашырлық пен батылдықты қатар қоя білуі. Кез келген мәселенің қазақ жұртының болашағына қалай әсер ететіндігін саралап, кез келген мәселеде қандай да бір шешімін табуға тырысатын тәуекелшілдігі кез келген басшының бойынан табыла бермесі анық.


Бәсекеге қабілеттілік - тұңғыш перзидентіміздің кіші буын өкілдеріне жолдауы әрі қазіргі жаһандану дәуіріндегі ең басты алғышарт. Дәл осы мақсатты көздеген басшымыз түрлі жобалар мен бағдарламаларды қолға алған болатын. Ұлт болашағы — жастардың оқу-білімін арттыру үшін бірталай мүмкіндіктерді қолжетімді етті. Мұның барлығы да еліміздің даму жолындағы жаңа белестерді бағындыруына жол ашты, ел жастарының сапалы білім алуына өлшеусіз үлес қосты. Ал бүгінгі күні білім жүйесінде енгізіліп жатқан тың өзгерістер мен жаңартулар біздің болашағымызға салынып жатқан даңғыл жол деп айтуға толықтай негіз бар.