«ҮЗДІК ОҚУШЫ» СИНДРОМЫ: мақтау күтуді қалай тоқтатуға болады?

«ҮЗДІК ОҚУШЫ» СИНДРОМЫ: мақтау  күтуді қалай тоқтатуға болады?

          Үздік оқушы синдромы – адамның психологиялық сипаттамаларының жиынтығы. Көбінесе оқушыларда ол оқуда, спортта, шығармашылық қызметте болады. Ересектерде кәсіби мансапта, отбасылық өмірде, күнделікті өмірде көрінеді. Жалпы белгілер: әдейі күрделі міндеттер қою, оларды шешуге барынша күш салу, сыртқы бағалау қажеттілігі. Синдромды диагностикалау клиникалық әңгіме, психодиагностика әдісімен жүзеге асырылады. Бұл синдромға шалдыққан адамға  процесс маңызды емес. Маңыздысы – процестен кейінгі нәтиже мен мақтау сөз. Бір қызығы, бұл синдром балалық шақтан белең алады. Балаң шақта шалдыққан бұл синдромнан есейе келе арылу қиын.

              Үздік оқушы синдромын қалай анықтаймыз? Оның 6 белгісі бар. Олар:

 – Болмашы сынды ауыр қабылдау;

 –  Қателіктен үнемі қорқу;

 – Сол үшін үнемі барлығынан бас тарту;

 – Өз жетістіктерін басқалардікімен салыстыру;

 – Өзгенің жетістігін қызғану;

 – Басқалардың пікіріне тәуелді болу;

  – Сәтсіздіктер мен қателіктері үшін депрессияға түсу.

           Сонымен, үздік оқушы синдромы өзгелердің пікіріне тәуелді болудан шығады. Оған шалдыққандар «Жарайсың! Керемет!» деген сөздерден нәр алып, «Нашар! Дұрыс емес!» деген сөздерден құлайды. Әрине, үнемі жақсылыққа, жақсы нәтижеге ұмтылу керек. Бұл сіздің мансабыңыздың  өсуіне, өрлеуіне тікелей ықпал етеді. Бірақ дүниенің бір орында тұрмайтыны сияқты, барлық нәтиженің жақсы болуы мүмкін емес. Егер әр жеңілістен кейін тұрмастай болып құлай берсеңіз, бір күні еңсеңіз түсіп, тұралап қалуыңыз да мүмкін. Абайдың сөзін есіңізге түсіріңізші. «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» демеп пе еді?!

         Үздік оқушы синдромына шалдығудың бірнеше себептері бар. Көп жағдайда үздік оқушы синдромының себебі отбасындағы қарым-қатынасқа байланысты болады. Балалардың жетістіктері ересектердің амбицияларының жалғасы болуы мүмкін. Ата-аналар баланың мүддесін, тілектерін, денсаулығын елемей, қоғам мойындаған мақсаттарға жетуге бағыттайды. Ата-ананың ішкі көзқарастары, мінез-құлқы балаларға бейсаналық түрде беріледі. Тағы бір себеп – назардың болмауы. Назарға ілінемін деп бала барын салады. Содан жұртқа тәуелді болып қалады. Тіпті бала  жақсы баға әкелгені үшін  ата-ананың мақтауын  махаббаттың көрінісі ретінде қарастыруы мүмкін.

         Осы орайда ата-аналарға бірнеше кеңес ұсынғымыз келеді. Балаңыздың болмысына қарап, мінезі мен құндылығын саралаңыз. Қазірден бастап бұл синдроммен күреспесеңіз, үлкен бақытсыздыққа апаруы мүмкін. Болашақ тұлғаны қалыптастыру сіздің қолыңызда, сондықтан, келесі ұсыныстарды ұстануға тырысыңыз:

  •  Сүйіспеншілікті көрсету. Бұл ең маңызды және негізгі ереже. Өйткені,  махаббатқа сусындап өскен  адам ғана өзін толық және әлемге қажет сезіне алады;
  • Баланы мадақтау, бағалауға емес, өз бетімен бір нәрсені жасай алуына назар аударыңыз. Оны басқалармен салыстырмаңыз. Тек қана балаңыздың жетістіктері мен жеңілістерін түсініп, қолдау көрсетіңіз. Балаңыздың  кіммен сөйлесетініне, мұғалімдерді қалай қабылдайтынына, оған  не қызық екеніне назар аударыңыз;

Мектептегі шағыңыз есіңізде ме? Шындығында, ол кезең – кішкентай өмір емес пе? Өйткені, 11 жылға дейін сіз көңіл көкжиегіңізге көптеген таныс, үлкен академиялық тәжірибе, әлеуметтік тәжірибе жинадыңыз.  Әрине, кез келген оқушының мектеп жылдарындағы басты міндеті – мүмкіндігінше көп білім алу, тұлға болып өсу. Дегенмен, мектеп қабырғасынан бастап баланы үлкен өмірге дайындау керек. «Мектептің білім берумен еш байланысы жоқ. Ол балалардың қарым-қатынас жасауын бақылайтын институт» деп Уинстон Черчилдің айтқаны бар еді. Мектеп табалдырығында баланы небір психологиялық аурулардан сақтасаңыз, есейе келе өз орнын тез табады. Себебі, өзін тыңдай алатын, сезімдерді оқып, сезіне алатын баланың болашағы зор.

 

         Жақсы! Синдроммен таныстық. Енді бұдан қалай арылуға болады? Психологтардың кеңесіне жүгінейік. Психологтар үздік оқушы синдромынан арылу үшін 4 аспектіге назар аударуды сұрайды:

Біріншісі – түсіну. Ұзақ жолдардың алғашқы қадамнан басталатыны секілді, синдромнан арылу мойындаудан басталады.

Екіншісі – көре білу. Айналаңыздағы адамдардың кім екеніне қайтадан сараптап қарап көріңізші. Сізді қалай бағалайды? Неліктен олардың пікірі соншалықты маңызды? Неге сіз олардың үмітін ақтауға тырысасыз? Осы сұрақтарға жауап беріп көріңіз. Асылында, жақын әрі шынайы адамдар сізді сол қалпыңызда қабылдайды. Сіздің шынайы жанашырларыңыз сізге баға бермейді, түсінеді. Сондықтан, қоршаған ортаңыздың өтініштеріне, ойларына, қарым-қатынасына назар аударыңыз. Өзгенің сөзі мен өзіне тәуелді болмаңыз.   

Үшіншісі – өзіңізге ақымақтық жасауға рұқсат ету. Өмірде  қателік жасаудан қорықпаңыз. «Қателік жасамаған адам, ешқашан қимылдамаған, өмір сүрмеген адам» деген сөзді ұмытпаңыз.

Төртіншісі – салыстыру. Өзіңізді өзгелермен салыстырмаңыз. Сіз – индивидсіз. Нәтижеден бұрын процеске назар аударыңыз. Істеп жатқан іс-әрекетіңізден ләззат алыңыз. Сонда ғана нәтиже көңіліңізден шығады.