Заманауи қоғамда "өз-өзіңді дамыту" ұғымы өзекті болып тұр. Кез келген адам өміріндегі өз орнын тауып, сүйікті, әрі қызықты ісімен айналысуды қалайды. Сол арқылы тек қаржылық емес, рухани түрде қажеттілігін қанағаттандыруды мақсат етеді. Бұл мәселе барлығы үшін өзекті болса, әйел затына сәл күрделірек келеді. Себебі оның алдында таңдау бар – отбасы немесе жұмыс. Аналық міндеттер мен жұмысты қатар алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.
Ана атанып, бала күтіміне байланысты демалысқа шыққаннан кейін әйел адам қатты өзгереді. Бала ананың түсінігін, өмірге деген көзқарасын өзгертіп қана қоймай, жалпы өміріне үлкен өзгеріс әкеледі. Бар ойын сәбиіне арнағандықтан, оның өзін ойлауына шамасы да, уақыты да жетпей жатады. Егер ана барлық уақытын балаға арнайтын болса, уақыт өте оның қайта жұмысқа шыққысы келеді.
Дәл осы сәтте барлық «қызық» басталады. Елестетіп көріңіз: таңертең әйел отағасын тамақтандырып, баланы жинап, киіндіріп балабақшаға апарып, өзі жиналып, жұмысқа кешікпей баруы керек. Бір қарағанда қиын дәнеңе жоқ. Алайда, бұл процесс мүлдем өзгеше өтуі мүмкін: анасының үнемі жанында болғанына үйренген бала, еркелікке салынып жылайды. Анасы оны жұбатып, тіптен ашуланады. Сол кезде отағасы келіп, «саған жұмыс істеудің керегі жоқ, үйде отыра бер» дейді. Осы жағдайда әйелдер өзін кінәлі сезіне бастайды. «Балаға қажеттіні бере алмадым» деген ой көптеген ананы жегідей жейтіні рас.
Жұмысбасты аналар көбіне асқан шаршау үстінде жүреді. Себебі ол жұмысқа шыққанымен, атқарылуы тиіс үй шаруасындағы тірлік саны азаймайды. Әйел адам жұмыс күндері қызметте жүрсе, демалыс күндері үйде «жұмыс» істейді. Осы аралықта балаға көңіл бөліп, мәселен серуенге шығарып отыруы керек. Көптеген шаруаның басында жүргендіктен, әйел адам тағы да өзін кінәлі сезінеді. Мұнда тіпті бала күтушісінің де көмегі тимей жатады. Мысалы әйел адам жұмысқа шығып бара жатқанда баласының бөтен адамға ұмтылғанын көрсе, оның қызғаныш сезімі пайда болады.
Жұмысбасты ананың миы бір сәт демалмайды. Ол үнемі кертартпа ойларда жүреді. Барлығын дұрыс істедім бе? Мүмкін жұмысқа шықпай-ақ қою керек пе еді? Балаға анасынан артық кім қарай алады? Балам есейгенде маған ренжитін шығар? Айта берсе сан түрлі сауалдар ананың санасына маза бермейді.
Мамандар не дейді?
Әйел адамның жұмысқа шығуы отбасының барлық мүшесіне әсер етеді. Сол себепті мұндай шешімді бірлесе қабылдаған жөн. Осы арқылы үй шаруасындағы міндеттерді әділ түрде бөлісіп алуға болады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Жақын адамдардың қолдауы әйел адамға өзін жайлы сезініп, қандай да бір қобалжу сезімінен арылуға көмектеседі.
Күннің жақсы өтуіне таңертеңгі көңіл-күйдің әсер ететіні бесенеден белгілі. Сол себепті баланың уақыт режимін қадағалап, уақытылы ұйқыға жатып, таңертең сергек оянуын бір жүйеге келтіру керек. Баланың киім-кешек, керек-жарақтарын кеште дайындап қойған дұрыс. Осылайша бала да күнін жоспарлауды үйреніп, жауапкершілікті сезінеді. Тіпті таңғы асқа даярлайтын тағамды да ойластырып қойғанның пайдасы көп. Ал таңғы ас үстінде жақын жандарға көбірек көңіл бөліп, әңгіме-дүкен құру – келер күннің ең жақсы бастамасы. Ананың таңертеңгі көңіл-күйі отбасының барлық мүшелеріне әсер етпей қоймайды.
Жұмыстан шаршап келгенде, бала онымен ойнауды талап етсе, оған «анашың сәл демалып алсын» деп түсіндіру керек. Бұл да балаға жағымды әсер етіп, ол өзінің маңыздылығын түсінеді. «Анам тынығып алғаннан кейін менімен ойнайды» деген түсіністік болады.
Демалыс күндері міндетті түрде кемінде 2-3 сағат отбасына арналуы керек. Бұл кезде серуенге шығуға, киноға баруға болады. Осылайша бала демалыс күндерін асыға күтетін болады. Ана да өзі туралы ұмытпай, уақытын тиімді қолдануға дағдыланады. Балаға ананың көңілі мен мейірімі ауадай қажет. Басты мәселе сан емес, сапада!