2017 жылы жүргізілген жұмыс, атқарылған шара көп болды. Жетістіктеріміз де аз емес. Ал атқарылатын жұмыс одан да көп.
Биылғы жылы bilimland.kz білім беру платформасының контенті жаңарды. Шетел және орыс әдебиетінің классикалық туындылары мен әлем халықтары фольклорын қамтыған жаңа ресурс «Аудиохрестоматия (орыс тіліндегі)» қосылды, «Виртуалды зертхана» жаңа симуляторлармен толықты. Барлық симуляторлардың дизайны жаңартылып, қызметі жақсарды.
iTest пен iMektep-тің дизайны жаңарды. Жылдам әрі тиімді жұмыс істеп, мобильді құрылғыларда қолдану ыңғайлы бола түсті.
Ерекше атап айтарлығы, биылғы оқу жылында 19 тілге аударылып, 70-тен астам елде оқытуға ұсынылған twig-bilim.kz оқытушы видео-сабақтар топтамасы біздің ресурстарымызға тағы бір қосымша платформа болып қосылды.
Қазақстанның барлық мектептері, яғни 7 мыңнан астам мектеп bilimland-ке қосылды, жеке қолданушылар саны 500 мыңнан асты. Республика бойынша пайдаланушылар санының артуына байланысты барлық мектептерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында тренингтер, вебинарлар үздіксіз өткізіліп тұрды. Екі рет республикалық деңгейде «АКТ – цифрлық Қазақстандағы жаңа заман мұғалімінің біліктілігін арттыратын басты құрал» және «Жаңартылған білім беру мазмұны бағдарламасын іске асыруда АКТ-ны қолдану» деген тақырыптарда шеберлік сағаттары өткізілді.
Компания жыл бойы түрлі республикалық байқаулар ұйымдастырып, мұғалімдер мен әдіскерлерді, оқушыларды үнемі ынталандырып отырды. Атап айтар болсақ, «Үздік сабақ жоспары-2017» және «Үздік әдіскер-2017» марапаттары, оқушыларға арналған «Симулятор жасап көр!» және дәстүрлі «Жаңашыл мұғалім-2017» байқаулары.
Сонымен қатар, биыл республика бойынша компанияның үшінші ресурстық орталығы Шымкент қаласында ашылды. Бұл ресурстық орталықта Шымкент қаласының және жалпы ОҚО мұғалімдерінің АҚТ-ға қатысты біліктілігін жетілдіру бойынша жыл бойы семинарлар, тренингтер өткізіліп тұрды. Нәтижесі де жаман емес, облыс көлемінде мұғалімдердің оқыту процесінде АКТ-ны қолдану көрсеткіштері артты.
Биылғы жылдың ерекше жаңалығы компанияның жеке оқыту құрылғысы әрі дербес оқыту планшеті BilimBook құрылғысын шағын жинақты мектептерге ұсынуы болды. Бұл бірегей құрылғы Қазақстан мектептеріне интерактивті оқытудың жаңа сатысына көтерілуге мүмкіндік береді.
2017 жыл еңбектің еленіп, білім мен біліктің бағаланған жылы болды. Білім саласындағы сапалы қызметі үшін Bilim Media Group компаниясы «Мінсіз» халықтық сапа белгісімен марапатталды. Біздің ұжым үшін басты марапат – халықтың ықыласы мен қолдауы. Келе жатқан жаңа 2018 жылда да ынтымағымыз жарасып, береке-бірлігі артқан ел болайық! Жаңа жылда жаңа табыстарға жете берейік!