Bilimland платформасы «Мұғалім кабинеті» бөлімімен толықты

Bilimland платформасы   «Мұғалім кабинеті» бөлімімен толықты

Bilimland платформасы мектеп мұғалімдеріне арналған жаңа «Менің кабинетім» бөлімімен толықты. Бұл бөлімнің мақсаты – мұғалімнің оқушы ілгерілігін, оқу деңгейін қадағалауды қолжетімді ету.

  • Мұғалім кабинетінің негізгі мүмкіндіктері:
  • Топтар және сыныптарды құру;
  • Ілгерілеуді қадағалау;
  • Пәнді меңгеру бойынша көрсеткіштер;
  • Пән бойынша үй тапсырмасы;
  • Оқушылардың тапсырмаларды және оқу материалдарын қадағалауы;
  • Жеке чат бойынша және топ болып араласу, сөйлесу.

Енді оқушылар Bilimland платформасын қолдану үшін сынып жетекші виртуалды сынып құруы қажет. Ол үшін төмендегі нұсқаулықты пайдалануға болады:

  1. Профиль мәзірін ашып, «Менің кабинетім» бөлімін таңдаңыз. Онда сіздің қай мектепте тіркелгеніңіз жайлы ақпарат болады. Виртуалды сынып құру үшін «Сынып қосу» батырмасын басыңыз.
  2. Содан соң сіз жетекшілік ететін сыныптың нөмірі мен литерасын таңдап, «Қосу» батырмасын басыңыз.
  3. Сіз құрған сынып мектептің сыныптар тізімінде пайда болады. «Өту» батырмасын басу арқылы құрылған виртуалды сыныпқа оқушыларды қосу керек. Мұны екі түрлі амалмен жасауға болады:

Бірінші амал. Күнделік.kz сайтынан жүктелген, оқушылардың тізімі бар Excel-кестені импорттау. Ол үшін «Импорттау» батырмасын басып, тиісті файлды таңдау керек.

BilimLand автоматты түрде сыныптағы оқушылар тізімін құрып, әр оқушыға логин береді. «Таңдалды» қатарынан сыныпқа қосуға керекті оқушыларға белгі қойып таңдап алып,  «Сақтау» батырмасын басыңыз.

Екінші амал. Өзіндік тізім құру. Ол үшін «Оқушыны қосу» батырмасын басып, оқушыны қосу әдістері бар терезе ашылғанын күту керек. Егер оқушы бұрын Bilimland сайтында тіркелмеген болса, «Жаңа аккаунт» ашу керек болады. Оқушының аты-жөнін толтырып, қалауыңыз бойынша логинді жазыңыз. Егер логин жазатын алаңды бос қалдырсаңыз, жүйе автоматты түрде жаңа логин береді.

Ал егер оқушы Bilimland сайтында бұрын тіркелген болса, «Бар аккаунт» әдісін таңдау керек. Бұл жағдайда оқушының логин немесе email-ін жазу қажет. Егер «Бар аккаунтты» қоссаңыз, онда оқушыға сайтқа кірген кезде сіздің сыныпқа қосылғаны және платформа ресурстарын толық көлемде пайдалана алатыны жөніндегі хабарлама келеді.

Егер оқушыны «Жаңа аккаунт» арқылы қосатын болсаңыз немесе Excel-кесте арқылы импорттасаңыз, оқушыға оның логины мен құпиясөзін беру керек.  Құпиясөздің көмегімен оқушы сайтқа кіре алады. Құрылған сынып тізімінде сіз қосқан оқушылар пайда болады.

Егер қателесіп сынып құрып немесе оқушыны қосып қойған жағдайда, «қоқыс жәшігін» басу арқылы сыныпты немесе оқушыны тізімнен өшіруге болады. Виртуалды сынып ашу бойынша толығырақ YouTube каналынан біле аласыз.