BilimLand ұйымдастыратын вебинар мен тренингтердің мақсаты қандай?

BilimLand ұйымдастыратын вебинар мен тренингтердің мақсаты қандай?

 Bilim Media Group компаниясы 2015 жылдан бастап мұғалімдер мен оқушыларға арналған тренингтер мен вебинарлар өткізеді. Тренинг пен вебинар өткізудегі басты мақсат – мұғалімдер мен оқушыларға инновациялық технологияларды және қолжетімді заманауи мүмкіндіктерді пайдалануды ұсыну, үйрету әрі түсіндіру. Осы орайда, республика бойынша мұғалімдерге, әдіскерлерге аталған вебинар мен тренингтерді өткізетін маман Ақжан Тамаймен сұхбаттасқан болатынбыз.

Қайырлы күн, Ақжан! Оқырмандарымызға вебинар, тренинг өткізудің мақсаты не екенін айтып берсеңіз.

Біздің ресурстарымызды республикамыздың 7000-нан астам мектеп пайдаланады және 100 мыңнан аса қолданушы пайдаланады және уақыт өткен сайын олардың саны артып келеді. Тренингтер мен вебинарлардың мақсаты – қолданушыларға, аймақтық әдіскерлерге, ең бастысы мұғалімдерге біздің білім беру платформаларымызды кеңінен таныстыру. Яғни, біздің интерактивті сабақтарымыздың, ұстаздарға тигізетін көмегін түсіндіріп қана қоймай, дұрыс қолдануларына жағдай жасау. Сондай-ақ, біз ресурстарымызды «педагогтың көмекші құралы» деп те атаймыз.

Вебинардың артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?

Вебинардың артықшылығы – интернет байланысы арқылы еліміздің кез келген білім ордасымен көзді ашып жұмғанша хабар орнату, жұмыс орнында отырып-ақ байланысу. Мұнда тренингтермен салыстырғанда уақыт пен жол шығыны болмайды. Ал кемшіліктер қатарына, кейде интернет сапасының нашар болуын айтуға болады. Сол себепті вебинарға қатысушылармен кері байланыс орнатуда қиындықтар туындауы мүмкін. Тренинг және вебинар өткізіп жүргеніңізге қанша уақыт болды? Бұл бағытта бір жылға жуық жұмыс істеп келемін. Осы уақытың ішінде еліміздің он шақты қаласында тренингтер мен көптеген вебинарлар, Алматыда дәстүрлі түрде өткізілетін шеберлік сағатын өткізіп үлгердім. Осы уақытқа дейін вебинар Маңғыстау, ШҚО, Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында, Талдықорған, Шымкент, Семей, Өскемен, Тараз қалаларында өтті.

Тренингтер өткізудегі ең маңызды нәрсе не?

Қатысушылармен кері байланыс орнату – тренинг пен вебинар өткізудегі ең маңызды әрі қызықты сәт. Аудиторияның сұрақтарына жауап беру, олардың ұсыныс пен идеясын тыңдау, пікір таластыру – жұмысымыздың маңызды бір бөлшегі. Компаниямыздың негізгі ұстанымы – педагог мамандарға әрқашан қолдау көрсету болғандықтан, бізге әрбір қолданушының пікірі маңызды. Осы тұста бізге беймәлім мәліметтер мен көптеген қызықты фактілер айқындалады.

Мұғалімдер мен оқушылар тарапынан вебинар, семинарларға деген көзқарас, пікір қандай?

Өзімнің байқауымша, көзқарастардың көпшілігі – оң. Мұғалімдер әрқашан біздің өнімдеріміз туралы жаңалықтарды қалт жібермей қарап, пайдаланудағы жаңа тәсілдерді үйренеді. Әрбір тренинг өткен сайын, мұғалімдер ресурстарымыздың пайдасы мол екенін айтып, ризашылықтарын білдіріп жатады. Осындай тілектерден кейін, еңбегіміздің ақталып жатқанын, еліміздің білім саласына пайда тигізіп жатқаны қуантады және әрі қарай да тынбай еңбек етуге жігер береді.

Бір тренингке шамамен қанша адам қатысады?

Жалпы, кем дегенде 15 адам. Ал, мен өткізген Тараз қаласында өткен тренингте 311 қатысушы жиналған болатын. Осы уақытқа дейін тағы Талдықорған қаласындағы физика математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебіне арналған тренингке 250 мұғалім мен оқушы қатысқанын айта кету керек.

Вебинар, тренинг өткізгенде қандай қиындықтар орын алады?

Мұндай іс-шараларда кейде қолайсыз жағдайлар орын алады. Мысалы ұйымдастыру жағына келетін болсақ, интернет желісінің төмен болуы немесе мүлдем болмауы немесе проектор мен дыбыстың сапасының нашар болуы деген сияқты техникалық қиындықтар болып жатады. Сондай-ақ кей мұғалімдер біздің ресурстарымыз туралы қате пікірде болуы мүмкін,мұндайда біздің мақсатымыз ақпартты дұрыс жеткізіп, оны пайдалануды пайдалы ету.

Алдағы уақытта вебинар мен семинар өткізуге қатысты қандай жоспарлар бар?

Алдағы уақытта өткізілетін тренингтер мен вебинарлардың сапасын бұдан да жақсартып, мазмұнын қызықты, әсерлі етуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, тренингтерде айтылатын мәліметтерден түсіндірме видеоларды әзірлеу ойымызда бар. Сондай-ақ, колледждер және университеттерге тренингтер ұйымдастыру да жоспарда бар. 

Сонымен бірге, ақпан айының 18-21 аралығында BilimLand-тың ұйымдастыруымен ШҚО-да кең көлемде тренингтер болып өткенін атап өту керек. Тренинг Семей, Өскемен қалаларымен қоса, Үлкен Нарын, Алтай, Қалбатау өңірлерін де қамтыды. Шараға 280 мұғалім қатысып, тағы 375-і онлайн трансляция арқылы қосылды. Тренингке барлығы 655 қатысушы қатысқан. ШҚО-да өткен тренингтің жүргізушісі әрі маманның айтуынша, шара жоғары дәрежеде өтті, қатысушылар барлық сұрақтарына толық жауап алып, ізгі ниеттері мен ақжарма алғыстарын білдірді.

«Жалпы айтатын болсақ, біздің ресурстар мұғалімдерге өте қолайлы әрі тиімді етіп жасалған, сабақта қолдануға пайдалы. Тренинг барысында мұғалімдерге ресурстардың сабақ өткізу кезіндегі көмекші құрал екенін түсіндірдік, яғни 45 минут бойы қолдану міндетті емес екенін айттық. Мұғалімдердің ұсыныстары бойынша, өз жұмыстарын сайтқа жүктеу функциясын қосу қажеттілігін білдірді, себебі көптеген мұғалімдер өз жұмыстарымен, сабақ жоспарларымен, жылдар бойы жинаған тәжірибесімен бөліскісі келеді»,– дейді ол.

Осы тұрғыда, BMG компаниясының қызметкерлері алдағы уақытта қолданушыларға жақсы жаңалықтармен бөлісетінін жеткізді. Ендеше, жұмыстарына сәттілік тілейміз!