iTest – ҰБТ сынағына және қорытынды аттестаттауға дайындалуға мүмкіндік беретін виртуалды жаттықтырғыш

iTest – ҰБТ сынағына және қорытынды аттестаттауға дайындалуға мүмкіндік беретін виртуалды жаттықтырғыш

Жақында BILIM MEDIA GROUP компаниясы оқушыларға арналған «iTest: Үздік нәтиже» атты республикалық, әлеуметтік-білім беру байқауын жариялаған болатын. 
Осы орайда, iTest платформасы жайында толығырақ білу үшін  жоба менеджері Назерке Нельсонмен сұхбаттасқан болатынбыз. 

iTest платформасы туралы айтып бересіз бе? Қандай артықшылықтары бар?

iTest сайты – Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сынағына және қорытынды аттестаттауға дайындалуға мүмкіндік беретін виртуалды жаттықтырғыш. 
Cайт ресурсқа арнайы құрастырылған бірегей сұрақтар базасынан тұрады. Қазіргі таңда деректер базасында 60 000-нан аса сұрақтар мен тапсырмалар бар.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырудағы соңғы өзгерістерге сай, iTest орыс және қазақ тілдерінде 3 негізгі (математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы) және 13 таңдау пәні (математика, орыс тілі, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, физика, химия, биология, ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі, география, дүниежүзі тарихы, Адам. Қоғам. Құқық) бойынша дайындалуға мүмкіндік береді. Әр таңдау пәнінің тестілеу нұсқасы 30 сұрақтан тұрады, 20 сұрақта 5 ұсынылған жауаптан біреуі дұрыс, 10 сұрақта 8 ұсынылған  жауаптан бірнешеуі дұрыс. 
Сайтымыздағы әр пәннің өзі бірнеше тарауларға бөлінген, ал әр тарауда негізгі деп танылған, тест сұрақтарында кездесетін тақырыптар берілген. Әр тақырып бойынша қысқаша конспект пен тест сұрақтары бар. Сонымен қатар, оқушылар сайтымызда әр пән, тақырып бойынша тест өтіп, білімді сынап көруге болады. Ал мұғалімдерге сан түрлі нұсқалардағы тақырыптарды pdf форматында жүктеп, балаларға таратып беруге мүмкіндік бар.

Сайтымыздың басты артықшылығы – қорытынды аттестаттауға дайындалуға арналған бірегей, еш жерде кездеспейтін материалдар жиынтығы. Аудиолекция, видеонұсқаулар, материалдар мен мысалдарды пайдаланып үш негізгі пәндерге: Қазақстан тарихына, эссеге, алгебра және анализ бастамаларына дайындалуға болады. Сонымен қатар, порталда тек қана қорытынды аттестаттауға ғана емес, халықаралық емтихандарға тиімді дайындалуға, жалпы шет тілін үйренуге арналған лингвистикалық цикл пәндерге арналған бірегей жаттықтырғыш бар. 

Бұл жобаны қандай мамандар әзірлейді?

iTest жоғары санаттағы, негізгі ҰБТ тесттерін дайындап жүрген мұғалімдердің қатысуымен жасалатын жоба. Бір тест сұрағының өзін құрастыру бірнеше этаптан өтеді. Алдымен тест сұрағы құрастырылады, одан кейін сол саланың маманы оны тексереді. Содан соң, ішкі сараптаудан, одан ары қарай, бағдарламашылардың арнайы жасаған платформасы арқылы контент қызметкерлері сайтымызға сұрақтарды салып отырады. Арнайы жазылған код арқылы портал қолданушыларына  тест нұсқасында әркелкі, қайталанбайтын сұрақтар генерацияланады.  
Сонымен қатар, iTest платформасында қатемен жұмыс жасау мүмкіндігі бар. Оқушы қателескен сұрағына қайта оралып, дұрыс жауабы мен шешімін немесе түсініктемесін көре алады.  

Жаңартулар қалай жүзеге асады?

iTest порталы үнемі жаңа тест сұрақтарымен толығып тұрады. ҰБТ сұрақтарын жаңартып, толтырып отыруға жауапты арнайы IT маманымыз бар. Яғни, күн сайын бірнеше пәндерге жаңа сұрақтар енгізіліп отырады. 

– Ұйымдастырылып жатқан байқауға қатысты, платформаны ҰБТ-ға дайындық үшін қолдану қаншалықты тиімді деп ойлайсыз?

iTest сайты Ұлттық бірыңғай тестілеу мен қорытынды аттестаттауға дайындалуға мүмкіндік беретін электронды ресурс. Байқау барынша айқын әрі анық өтуі үшін, плафтормада арнайы өзгертулер жасадық. Енді байқау қатысушылары өз рейтингін бақылай алады. Бұл сайысқа қатысу оқушыларға ЖОО-ға грант ұтып алуға ғана емес, сонымен бірге ҰБТ-ға тегін әрі тиімді жолмен жайындалуға мүмкіндік береді. Тек қалалардағы ғана емес, республика бойынша ауыл-аймақтағы оқушылар iTest-тің мобильді қосымшасы арқылы өз білімдерін жетілдіре алады.

Қолданушылар iTest.kz платформасы туралы қандай пікірде?

Қолданушылар үнемі платформа туралы пікірлерін жеткізіп отырады, олардың көбісі оң пікірлер. Кейде оқырмандар  пікірлері мен өз ұсыныстарын да білдіріп жатады. Ұсыныстардың бірін жерге қалдырмай, тез арада жүзеге асыруға тырысамыз. 

Сайтымызға келіп түсетін пікірлердің бірі: 
«Керемет! Менің оқушыларымның бəрі осы iTest ресурсты пайдаланды. Жақсы нәтиже болды. Бəрі оқуға түсті. Ұстаз үшін ең үлкен мақтаныш шәкірттерінің оқу орнына түскені ғой. 2 грант бар. 23 оқушы. 23 оқушы да оқу орнында оқып жатыр. ҰБТ-да үлкен пайдасы тиді. Мұнда қатемен жұмыс та бар».

«Сіздердің ақпараттарыңыз керемет. Мен өзіме қажетті ақпараттарды сіздердің сайттарыңыздан алып тұрамын. Оқушыны ҰБТ-ға дайындаудағы анықтамаларыңыз және тест тапсырмаларыңыз көңілге қонымды. Біздерге берген осындай көмектеріңіз үшін сіздерге көп-көп рақмет! Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін».

«iTest – өте керемет көмекші құрал, оқушылардың алған білімдерін пысықтауға және есте сақтауға көп көмегін тигізуде, рахмет».

iTest.kz мобильді қосымшасы туралы не айтасыз?

Жаңартылған iTest мобильді қосымшасы 2019 жылы көктемде жарық көреді. Мобильді қосымша қолданушыларымызға платформаны тиімді пайдалануға көмектеседі. 

Алдағы уақыттағы itest.kz платформасының жоспары қандай? Қандай жаңартулар болады?

Біз қазіргі таңда ҰБТ және қорытынды аттестаттау бөлімдерін конспектілер, тест сұрақтарымен толықтыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, қолданушыларымыздың сұрауымен орта білімдегі, яғни 4, 9, 11-сыныптардағы оқу жетістіктерін сырттай бағалайтын (ОСЖБ) бөлімді құрып жатырмыз. Жақын арада ол платформамызда жарық көреді. Ал қазір қолданушыларымызға айтарым: Жаңалықтардан қапы қалмаңыздар! 
 

– Сұхбатыңызға рақмет, Назерке! Алдағы жобаларыңызға сәттілік серік болсын!