Сабақты жақсы өткізудің бір ғана тиімді методикасы болмайды

Сабақты жақсы өткізудің бір ғана тиімді методикасы болмайды

Жай мұғалім хабарлайды,

Жақсы мұғалім түсіндіреді,

Керемет мұғалім көрсетеді.

Ұлы мұғалім шабыттандырады.

Уильям Уорд, ағылшын ағартушысы

Мұғалім — оқушы мен білім арасындағы көпір іспеттес, мойнына үлкен жауапкершілікті жүктеген жан. Әр мұғалімнің методикасы, әдіс-тәсілдері әр түрлі.  Сол сияқты баланы білім нәрімен сусындатуға бел буғандардың әрбірі мұғалімдік қызметті өзінше бағалайды.

Бүгінгі блогымыздың қонағы, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде (Өскемен қ.) ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет еткен Күлпаш Шынбат, мұғалім болудың қызығы мен қиындығы, сабақ жүргізудегі тиімді методикалар, Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істеудің артықшылықтары жайлы айтып берді.

Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі қызметіңіз жайлы айтып берсеңіз. 

— Оқу бітірген кез келген жас маман үшін алғашқы жұмыс орнын табу да, оған үйренісу де қиын болады деп ойлаймын. Бейімделу процесі, жаңа адамдармен танысу, іздену, сабаққа дайындықпен көп уақыт кететіндіктен, осы жағынан аздаған қиындықтар болды. Кәсіби деңгейде өсу, біліміңді арттыру, балалармен жұмыс істеу, жас мамандармен әр түрлі іс-шараларға қатысу, шетелдік мұғалімдермен бірлесе жұмыс істеу — барлығы мұғалімдік қызметтің қызығы мен шыжығы.

 Не себепті басқа оқу ордасын емес Назарбаев зияткерлік мектебін таңдадыңыз? Қандай пәннен сабақ бердіңіз?

Назарбаев зияткерлік мектебіне жұмысқа тұру үшін арнайы байқау үш ай бұрын өтеді. Байқауға қатыстым, алайда байқаудан өтемін деп ойлаған жоқпын. Басқа мектептерге жұмысқа тұру мақсатында құжат жинап, әңгімелесуден өтіп жүрдім. Көпшілігі тәжірибесі жоқ мұғалім қажет еместігін айтып, шығарып салатын.

Назарбаев зияткерлік мектебінің көптеген артықшылықтары бар. Жалақы жағынан да, мұғалімнің кәсіби дамуы тарапынан да айтарлықтай қолдау көрсетеді. Мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ бердім және бұл пән ең жиі өтетін сабақтардың бірі болды. 8-9-сынып оқушыларына сабақ өтіп, ағылшын тілі пәніне қатысты іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстарына қатысып тұратынмын.

Сіздің ойыңызша, сабақ түсіндіруде қандай методика қолданған дұрыс немесе сабақты қызық өткізудің қандай жолдары бар?

— Сабақты жақсы өткізудің бір ғана тиімді методикасы болмайды. Ең басты ескерілетін мәселе, баланың жасы, оқу деңгейі. Соған сай оқушыларға арналған тапсырмалар әр түрлі болады. Ең бастысы, теорияға дейін баланың тақырыпқа деген қызығушылығы мен ынтасын ашу. Әр бала сабақтың мақсатын түсіну керек.

«Мен осы сабақта не үйренемін, нені біліп шығамын» деген сұраққа (сабақ мақсатына қатысты) анық жауап алуы керек. Демек, сабақ соңында бір сағаттың ішінде оқушы не істеді, не үйренгенін саралау қажет, яғни тиянақтылық, нақтылыққа баса назар аудару — сабақты тиімді өткізудің бірден-бір жолы деп ойлаймын.

 Мұғалім болудың қиындығы мен қызығы неде?

— Мұғалім болудың басты қиындығы — жауапкершілік. Алдына келген баланы оқыту да, тәрбие беру де мұғалімнің мойнында және жауапкершілігінде болады. Небәрі 40-50 минуттың ішінде бала жаңа материалды игеріп, түсініп кетуі керек. Ал ақпаратты дұрыс қабылдамай, тақырыпты дұрыс түсінбей кеткен жағдай, мұғалім үшін сын. Білім беріп жүрген оқушыңнан нәтижеге көруге асығасың. Оқу процесінен бөлек, түрлі іс-шаралар болады, әсіресе, жас мамандар үшін қызық. Мен үшін ерекше болған дүние, тәжірибесі мол мұғалімдермен жұмыс істеу. Өзіміздің ұстаздардан бөлек, алыс-жақын шетелден: Оңтүстік Африка, Америка, Англиядан келген мұғалімдермен бірлесе жұмыс істеу, олардың сабақ өткізу методикаларын көру, танысу өте қызық, тәжірибеңді жетілдіруге мол мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта немен айналысасыз, сабақ бересіз бе?

— Қазір шығармашылыққа бет бұрдым, публицистикаға қызығушылығым болғандықтан осы салада өзімді байқап көргім келеді. Бірақ, қазір де ағылшын тілінен сабақ беремін, мұғалімдіктен ажырап қалған жоқпын.

Қазақстандық мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

— Жеке көзқарасым, мұғалім қағазбастылыққа салынбауы керек. Мүмкіндігінше ізденіске, шығармашылық идеяларды жүзеге асыруға жұмсау қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ, мұғалімдерді тәжірибе алмасу үшін шетелге, өзге елдерге жіберуге жағдай жасау керек сияқты. 

Қазақстандағы білімнің сапасын қалай көтеруге болады?

— Білім жүйесі жайлы реформалар жиі қабылданады, кейбірі жүзеге асып үлгермей жатады. Жіберліп жатқан қателіктер мен олқылықтардың орнын толтыруымыз керек. Одан бөлек, білімге жеңіл-желпі, баға үшін емес, баланың санасына жеткізіп, соны түсініп оқитындай көзқараспен қараса, білімнің сапасы көтеріледі деп ойлаймын. Білім саласының үздігі атанған Финляндия, Жапония сияқты дамыған елдердің оқыту жүйелерін үлгі ретінде қолдану да артық етпес.

Мінсіз білім жүйесін қалай елестетесіз?

— Меніңше, мықты мамандар, замануи құралдармен жабдықталған білім ордалары, бар жағдайы жасалған һәм оқуға тиянақты дайындалған балалар, сауатты кітаптар, жалпы оқу-білімге жасалатын жақсы жағдайлардың барлығын айтуға болады.

Әңгімеңізге рақмет, алдағы жоспарлар мен қызметіңізде тек сәттілік тілейміз!

 

Cұхбаттасқан

Назерке Муса

6Пікірлер

Пікір қалдыру үшін авторизация жасаңыз Тіркелу
Жайсанкуль Маткеримова
Жайсанкуль Маткеримова
15 мамыр 2019 ж. 15:04
керемет
Фарида Рахметилдаева
Фарида Рахметилдаева
8 мамыр 2019 ж. 16:40
Керемет,әрқашан биіктен көріне беріңіз!Алдыңызға қойған мақсатыңызға жетіңіз,еңбегіңіз жана берсін!
alm.12449
alm.12449
2 мамыр 2019 ж. 23:23
Сізге шығармашылық табыс тілеймін ! Идеяларыңыз жүзеге ассын! Ерекше көзқарас !!!
Күлнар Айтбаева
Күлнар Айтбаева
24 сәуiр 2019 ж. 17:37
Еңбегіңіз жансын,шығармашылық табыс тілеймін!
vos.7056
vos.7056
23 сәуiр 2019 ж. 9:43
Талабыңа нұр жаусын!!!
Камшат Есболаева
Камшат Есболаева
22 сәуiр 2019 ж. 18:07
тамаша , сізге шығармашылық табыс тілеймін