Махамбет Өтемісұлының өмірі, шығармашылығы

Нұрбергенова Қанияш
Ақтөбе қаласы, №1 орта мектеп
7487
Қазақ әдебиеті
Тақырыбы:
Махамбет Өтемісұлының өмірі, шығармашылығы

 
Сабақтың мақсаты Білімділік: ақын поэзиясының мазмұны мен мәнін ұғындыру, ондағы азаматтық, отаншылдық рухын сезіндіру. Тілдік, көркемдік ерекшелігіне талдау жасата отырып, оқушыларға ақынның өз бейнесі мен Исатай тұлғасын таныту.
Дамытушылық: оқушыларды өзіндік ізденіске жетелеу, дәлелді пікір, тұжырымды ой айтуға үйрету, сөйлеу мәдениетін дамыту.
Тәрбиелік: азаматтық тәрбие беру, ұлттық сана-сезімін қалыптастыру.
Сабақтың түрі Аралас
Сабақтың әдісі Сұрақ-жауап, салыстыру, талдау, мәнерлеп оқу, сөздікпен жұмыс, ой толғаныс т.б.
Көрнекілігі Электронды презентация, электронды оқулық,
Bilimland https://bilimland.kz/kk сайты.
Пәнаралық байланыс Тарих, музыка.
 

Сабақтың барысы

 
1. Ұйымдастыру кезеңі Оқушыларды түгелдеу. Оқу құралдарын қадағалау.
2. Үй тапсырмасын сұрау Бұқар жырау «Ай, Абылай» өлеңі.

3. Жаңа сабақ

 

Мұғалімнің кіріспе сөзі: Балалар, Махамбет шығармашылығымен танысамыз. «Бүкіл ХІХ ғасыр әдебиетінде қимыл мен күрес жырын Махамбеттей қып жырлаған өзгеше ақын болған емес» деп М.Әуезов айтып кеткен. Ал, Фариза Оңғарсынова:
Махамбет! Махамбет!
Білмеймін, жел ме, сел ме,
Жырда онымен бір тұлға теңдесер ме
Әділетсіз дүниенің қабырғасын,
Махамбетше сөгер жан кездесер ме…
– деп толғанады.
Иә, он алты жасында Беріш руының жезтаңдай ақыны атанған Махамбетті бүгінгі ұрпақ кім деп таниды? Ой бөлісіп көрейік.

Махамбеттің өзі туралы жырлаған өлеңдері:
1. Мен, мен, мен едім.
2. Менің атым – Махамбет.
3. Мен – кескекті ердің сойымын.
4. Әй, Махамбет жолдасым.
5. Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқаны.
6. Ұлы арман.
7. Мұнар күн т.б.
https://bilimland.kz/kk/courses/audiochrestomathy/9-synyp/poehziya/lesson/7-maxambet-otemisuly-men-men-men-edim


«Мен, мен, мен едім» өлеңін оқып, тыңдап өлеңнің астарына үңілу, мұндағы «МЕН-нің» мағынасын ашу.
Махамбет өлеңдерінде «Мен» сөзі жиі қолданылады. Ондағы «Меннің» мәні ерекше. Бұл өлеңдегі «Меннің» астарында мол сыр бар. Мағынасы терең. Мұндағы «Мен» – Махамбеттің бүкіл болмысы, Махамбетттің күрескерлік әлемі, Махамбеттің батыр жүрегі. Осы «Мен» арқылы оның ісі, күрескерлігі, ерлігі, елге деген махаббаты, елдің тәуелсіздігіне деген жауапкершілігі, дұшпанына деген ыза-кегі көрінеді.

МЕН – мақсаты анық, мұраты айқын, ойы нық болмыс.
МЕН – елін Еділдің бойы ен тоғайға қондырсам деген асыл арман иесі.
МЕН – кескілеспей басылмайтын, боз ағаштан биік батыр.
МЕН – ойшыл, дана. Елі мен жері үшін мазаланған тұлға.
МЕН – ғұмыры күйзеліспен, құсалықпен өткен жан.

Махамбеттің асқар таудай аға тұтып, ерге тірек, халыққа көсем санаған, аруағын ардақтап өткен адамы – Исатай.

Махамбетің Исатайға арналған өлеңдерін атау:

1. Тайманның ұлы Исатай.
2. Исатай деген ағам бар.
3. Тарланым.
4. Мінкен ер.
5. Мұнар күн.
6. Ұлы арман.
7. Біртіндеп садақ асынбай.
8. Ереуіл атқа ер салмай.
9. Арғымаққа оқ тиді.
10. Мінгені Исатайдың ақ табан-ай.
11. Исатай сөзі.
12. Арыстан одан кім өткен? т.б.


«Тарланым», «Арыстан одан кім өткен...», «Мұнар күн» өлеңдерін мәнерлеп оқытып, мазмұны мен мәнін ашқызу.
Махамбеттің Исатайды соншама дәріптеуінің негізгі түйіні — "қызғыштай болған есіл ердің” ерлігі жолдасты тастамайтындығын да ғана емес, сол ерлікті патшаға, ханға, билерге қарсы, еңбекші бұқараны жауыздардың қанды шеңгелінен босату үшін жұмсағандығында. Махамбет Исатайды халық үшін белдескен ер, батыр, ел басшысы, қамқоры етіп суреттейді. Исатай өліміне ақын қабырғасы қатты қайысады. Исатай қазасына байланысты өлеңдерінде де ақын оның бейнесін тереңдеп аша түседі.


https://bilimland.kz/kk/courses/audiochrestomathy/9-synyp/poehziya/lesson/5-maxambet-otemisuly-munar-kun


Оқушылар тыңдайды. Алған әсерлерімен бөліседі.
"Мұнар күн” — Махамбеттің батыр өліміне арналған классикалық шығармаларының бірі.
Өлең "Мұнар да, мұнар, мұнар күн” деген жолмен басталады. Күн неге мұнар тартқан? Бойың мұздап кеткендей, "мұнар күн” бір сұмдықтың хабаршысындай, не боп қалды? "Буыршын мұздан тайған күн”. Жаңағы сезімің одан әрі ұлғаяды. Табаны бұдырлы буыршын мұзға тайса, ол — жақсылық емес. Ақын осындай поэтикалық қарама-қарсы өрнектер арқылы оқушысын алға жетелейді, оны үлкен бір оқиғаға әзірлейді, көңіліне қайғы бұлтын ұялатып, өзінің негізгі ойына алып келеді.
Махамбет Исатай қазасын бүкіл ел қазасы ретінде көрсетеді. Ақынның: "Ағайынның басы еді, алтын ердің қасы еді. Исатайды өлтіріп, қырсық та шалған біздің ел”, "серкесінен айырылып, сергелдең болған біздің ел” деуі де содан. Өйткені Исатай — ел басшысы. Исатай бейнесі ақын жырларында асқан көркемдікпен, шеберлікпен өрнектелген. XIX ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиетте адам образын сомдауда Махамбет тамаша шеберлік танытқан.

Махамбет жырларының құрылысына, көркемдік ерекшелігіне талдау.
Махамбеттің жыр еткен тақырыбы ерлік, халықты ерлік қимылға үндеу. Сондықтан жайма-шуақ жәй кездегі көңіл күйін көрсетуге қолайлырақ келетін 11 буынды өлеңдерден гөрі, қимыл-әрекетті, алыс-жұлыс, жортуыл тәрізді өмір құбылыстарын суреттеуге лайықты жыр ағымы, 7-8 буын аралас келетін өлең ырғағы оған анағұрлым ыңғайлы тәрізді.
Он бір буынды өлең Махамбетте біреу-ақ. "Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай". Басқа өлеңдерінің бәрі де не 7 мен 8 буыннан, не таза 7 буын болып келеді.
Махамбет өлеңдерінде (11 буынды, қара өлең ұйқасымен келетін бір-ақ өлеңін есепке алмағанда) үш түрлі ұйқасты кездестіреміз: шұбыртпалы, кезекті, ерікті ұйқастар. Ақын көбінесе шұбыртпалы ұйқас пен ерікті ұйқасты көбірек қолданады. Өйткені бұл екі ұйқастың екеуі де ақынның айтайын деген ой-пікірін дәл беруге ыңғайлы, белгілі бір заңды өлшеуге бағынған шумақты, ұйқасты өлеңдерден шеңбері тарлық етпейтінге ұқсайды.

Интерактивті тақтада:
Ақын өлеңі: Толғау
Стилі:
1. Халықтың сол кездегі сөйлеу тілі.
2. Бұқар өлеңдерінің таңбасы.
3. Эпос тілі.

Құрылысы:
1. Шұбыртпалы.
2. Кезекті.
3. Ерікті.

Махамбет поэзиясының тілі – шын мәнінде халықтық тіл. Ақын өз кезіндегі қазақ халқының тіл байлығынан қажетінше ала да, оны өзінің керегіне жарата да білген. Махамбет шығармаларының тілі әрі көркем, әрі образды, әрі өткір, әрі күшті болуымен қатар, әр сөзі орынды, әр жағдайдың өзіне лайықты, соған тән болып келеді. Оның тілдерінің күштілігі, көркемдігі мазмұнға бағыныңқылығында. Мысалы:
Мұнар да, мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн.
Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанған шөккен күн, – 
деген үзіндідегі "мұнар", "шұбар" деген эпитеттерді алсақ, бұл эпитеттердің батырлардың өз бастарына және ел басына түскен ауыр халдерін суреттеп беруде үлкен мәні бар. Хан мен билердің ел басына туғызған қара күнін, басқа күндерден айрықша көрсету ушін, ақын сол күннің бейнесінде оқушыларының көз алдына елестету үшін "күн" деген сөздің алдына "шұбар", "мұнар" деген эпитеттерді қолданған.
Махамбет өлеңдерінде эпитет, теңеу, әсірелеу, литота, ауыстыру мағынасында қолданылатын фигура өзара байланысты түрде де жиі ұшырайды. Бұлардың өзара байланыстары ақынның сөзге шеберлігін дәлелдейді. Бұл жағынан алып қарағанда да Махамбеттің көркем сөз ұстасы екендігінен ешкім шек келтіре алмайды. Мысалы:
Кермиығым, кербезім!
Керіскендей шандозым!
Құландай ащы дауыстым!
Құлжадай айбар мүйіздім!
Қырмызыдай ажарлым!
Хиуадай базарлым!
Теңіздей терең ақылдым!
Тебіренбес ауыр мінездім! –
деген үзіндіде метафора, теңеу, эпитет бір-бірімен байланысып келетінін көреміз. Мұндағы образдар шебер қолданылған.
Халел Досмұхамедұлы Махамбетті «Алып ақын, домбырашы» десе, 1937 жылы Мұхтар Әуезов «Махамбет әрі батыр әрі ақын-жырау әрі домбырашы» деп жазған. Махамбет күйлері бүгінгі күнге дәл өзінің тағдыры секілді қиыншылықтармен жетті. Махамбет күйлерін іздеп тауып, оны ғылыми айналысқа түсірген ғалым Нәубет (Нығмет) Көшекбаев.

Махамбеттің күйлері: «Қайран, Нарын», «Жұмыр-Қылыш», «Өкініш», «Қиыл қырғыны», «Жайық асу», «Исатайдың Ақтабаны-ай», «Шілтерлі терезе».

4. Үйге тапсырма

1. Тақырыпты оқу.
2. «Тарланым», «Мұнар күн» өлеңдерін жаттау.

5. Қорытынды

«Жұмыр қылыш» күйін тыңдату.
 

Сәйкестендіру.
Махамбет Өтемісұлы туралы жазылған әдеби шығармалар:
1. Н. Шөреков «Махамбеттің жебесі».
2. М. Шаханов «Қараой» әңгімесі.
3. М. Ниеталиев «Алмас қылыш».
4. Ф. Оңғарсынова «Арыстан еді-ау Исатай».
5. Т. Әлімқұлов «Нарынқұм трагедиясы».
6. Ә. Әлімжанов «Исатай-Махамбет».

Дұрыс жауаптары:
1. Н. Шөреков «Исатай-Махамбет» поэмасы.
2. М. Шаханов «Нарынқұм трагедиясы».
3. М. Ниеталиев «Арыстан еді-ау Исатай» поэмасы.
4. Ф. Оңғарсынова «Алмас қылыш».
5. Т. Әлімқұлов «Қараой» әңгімесі.
6. Ә. Әлімжанов «Махамбеттің жебесі».

Қате туралы хабарландыру