«Қазақстан – ортақ үйіміз»

Шүйгінбаева Дариға Сайлаубайқызы
Астана қаласы, №73 мектеп-лицей
4458
Сынып сағаты
Тақырыбы:
«Қазақстан – ортақ үйіміз»

 

Сабақтың мақсаты

Сынып сағатында Қазақстан халықтары ассамблеясы туралы айта отырып, ұлттар достығының нығаюы мемлекет тыныштығы мен бейбіт өмірінің белгісі екендігін ұғындыру. Ұлтқа, нәсілге бөлінбей-ақ тату-тәтті өмір сүруге, Қазақстанда өмір сүретін басқа ұлттарға құрметпен қарауға, сыйлауға үйрету. Өзге ұлт өкілдерін сыйлай отырып, өздері өмір сүріп жатқан қазақ елінің ұлттық құндылықтарын құрметтеуіне әсер ете білу. Сыныпты бірлікте, татулықта жұмыс жасауға үйрету.

Сабақтың барысы

Кезең

Мұғалім

Ресурс

Сабақтың басы

Ұйымдастыру кезеңі

Оқушылармен амандасу.

Мұғалімнің кіріспе сөзі.

айырлы күн, құрметті оқушылар! Бүгінгі кезекті сынып сағатымызда біз көп ұлтты еліміз туралы айтатын боламыз. Қазақстан халықтары ассамблеясы ұйымы бар екенін білесіздер. Бұл ұйым елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Бүгінгі сабағымызда Қазақстанда тұратын ұлттардың тыныс-тіршілігімен танысатын боламыз.

Сабағымызды бастамас бұрын видеоға назар аударайық.

Қазақстан халқы Ассамблеясы — 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Аталған бастама мәдениет аралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылды. Жиырма жылдық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Оның дамуы барысында Н. Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея – ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық орган. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды.

Bilimland

bilimland.kz/kk/courses/education-movies/tema-klassnogo-chasa/lesson/qazaqstan-xalqy-assambleyasy

 

Сабақтың ортасы

Балалар, сіздерге үйге әр ұлт өкілдері туралы мәліметтер қарастырылып келу тапсырылған болатын. Қазір топ-топқа бөлініп отырмыз. Ендігі кезекте осы топтар әр ұлт өкілдері ретінде өздерін таныстырады.

1-топ: Орыс ұлты

2-топ: Кәріс ұлты

3-топ: Грузин ұлты

4-топ: Өзбек ұлты

5-топ: Түрік ұлты

6-топ: Қазақ ұлты

Осы топ өкілдері алдарыңызда тұрған плакат, маркерлерді, фотосуреттерді пайдалана отырып, мына мәселелер бойынша өздерін таныстыратын жоба дайындайды:

  • Ұлт мәдениеті: ұлттық киімі, тағамы, салт-дәстүрі.
  • Қазақстанға келу тарихы.
  • Қазақ жеріне сіңірген еңбегі (тигізген пайдасы).
  • Сол тілде өлең жолдары.

Осы сұрақтар төңірегінде әр топ ең әдемі безендірілген, мәліметтері нақты, түсінікті плакаттарын дайындау қажет.

Дайындауға 15-17 минут уақыт беріледі. Дайын болған топтар кезекпен өз жобаларын қорғайды.

Ал енді балалар, әр топ өздерін таныстырды. Біз бірнеше топтың дайындаған мәліметтері арқылы әр түрлі ұлт өкілдерімен таныстық.

Енді, әр топ мүшелерін ортаға шақырайық. Сол ұлттың биін билеп, өнерлерін көрсетсін.

Әр ұлт өкілдерінің биін билейді. Соңында барлығы бірге «Қаражорғаны» билейді.

Құрметті оқушылар! Біз 130-дан астам ұлт өкілдерінің тату-тәтті, ынтымақта ғұмыр кешуіне себепші болып отырған қазақ елінің ұланымыз. Әр ұлт өкілдеріне құрметпен қарауымыз керек. Дегенмен, өзіміздің жүрегіміз «қазақ» деп соғып тұрсын. Әрқашан халықтың намысын, қазақтың абыройын ең бірінші орынға қоя білетін намысқой ұрпағы болыңдар.

Сабақтың соңында сіздерге «Ұлттар достығы не үшін қажет?» деген сұрақ қойғым келеді.

Оқушылар жауап береді.

 

Қорытынды

Қорытындылау

Жарайсыңдар! Әрбір сабақтан түйеріміз көп болсын! Осымен бүгінгі сабағымызды аяқтаймыз! Сау болыңыздар!

 

 

Қате туралы хабарландыру