Әңгіме жанрын талдаудың ғылыми мәселелері

Сұлтанғалиева Рита Бекжанқызы
Орал қаласы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті
42
Ашық сабақ
Тақырыбы:
Әңгіме жанрын талдаудың ғылыми мәселелері

Тобы: «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» БББ-ның 1-курс  магистранттары

Мақсаты: Әңгіме жанрын талдаудың ғылыми мәселелерін айқындау арқылы заманауи қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрындағы жаңашыл ізденістерді жан-жақты талдау, заманауи қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының басты ерекшеліктерін ашу.

Міндеттері: Әңгіменің жанрлық ерекшеліктерін айқындау және классикалық әңгіме жанрындағы оқиғаның баяндау тәсілі, композициялық-сюжеттік құрылысы, кейіпкерлер жүйесі, өмір шындығын қамту, адам мінезін ашу мүмкіндіктерін, қаламгердің бейнелеу тәсілдерін саралау және модерндік, постмодерндік бағыттағы әңгіме жанрындағы жаңашыл ізденістерді айқындау, заманауи қазақ әңгімесінің моделін көрсету.

Күтілетін нәтиже: Әңгіменің жанрлық ерекшеліктерін ғылыми теориялық зерттеу еңбектеріндегі ғылыми талдаулар мен көркем шығарманың мәтінін толыққанды жан-жақты талдау арқылы классикалық әңгіме жанрындағы оқиғаның баяндау тәсілі, композициялық-сюжеттік құрылысы, кейіпкерлер жүйесі, өмір шындығын қамту, адам мінезін ашу мүмкіндіктерін, қаламгердің бейнелеу тәсілдері ашылады және модерндік, постмодерндік бағыттағы әңгіме жанрындағы жаңашыл ізденістер сараланады, заманауи қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрының басты ерекшеліктері айқындалады.

Қолданылған әдістер мен тәсілдер: семинар сабақта төңкерілген сынып, ауызша сұрақ, салыстыру, мәтіндік талдау, топтық талдау, «ҰПС» техникасы, постер арқылы топтық презентация жасап қорғау қолданылды.

Сабақ құрылымы кіріспе, негізгі бөлім және қорытынды бөлімге негізделген.

Әдеби шығарманы оқуға, талдауға құмар жан үшін кедергі жоқ. Әр сабақты түрлендіре беруге болады. Ізденген жанға әдіс те көп.

Тақырып әңгіме жанрын талдаудың ғылыми мәселелеріне арналды. Тақырып аясында таңдалған әдеби хабарлардың бірі «Abai.tv» телеарнасындағы «Сана» бағдарламасындағы «Заманауи қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанры» тақырыбына арналған хабар болды. Сабақтың кіріспе бөлімінде тек үзіндісі бойынша магистранттар бір сөзбен хабардың тақырыпқа қатысын анықтап, қысқаша ғана пікір білдірді.
Аталған хабардың толық нұсқасы сақталған сілтеме осы семинардың алдындағы дәріс сабағынан кейін үйге қарауға ұсынылған болатын.

Сабақтың негізгі бөлімінің алғашқы бөлігінде төңкерілген сынып әдісі бойынша тапсырма берілді. Әдеби сұхбатта айтылған ойлар мен пікірлер бойынша магистранттар топ болып қорытынды жасады, бір-бірін толықтырды, бір-бірін өзара бағалады да. Бұл бөлімде магистранттар топқа бөлінді. 

Топтың өзі бөлінуінде оқу мақсатына жету мақсатында әңгіме жанрын жан-жақты талдау үшін, аға қаламгерлер мен жас жазушылар тобы болып бөлінді.

Сол сұхбат аясында көтерілген бүгінгі заманауи қазақ әңгімесі жайында пікірлері «Padlet» тақтасы арқылы ортаға ашық талқыға салынды. Магистранттарға топқа бөлінуге де, көшбасшы тағайындауда да еркіндік берілді. Көшбасшылар тағайындап, тұжырымдарын қорғады. Сұхбатта талқыланған заманауи қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанрында байқалған ерекшеліктерге тоқталып, бірі 1991 жылдан бастау алады десе, енді бірінің 2000 жылдардан бастау керек деген ғалымдар тұжырымдары бойынша өз ойларын ортаға салды. 

Заманауи қазақ әңгімесінде социалистік қоғамнан капиталистік қоғамға ауысу кезеңі көрініс тапқанын, «Мәдени құбылыс» болып келгенін, посмодернистік сипат көрініс тапқанын, бұл кезеңдегі әңгімелер ұзақ сонар баяндауды азайтқанын, баяндаудан гөрі кейіпкерлердің іс-әрекетіне көп жүк артылғанын, минимализмге мән берілгенін, идеяға көп мән берілгені, симулякр элементтері көрініс тапқанын, фантастикалық, детективтік элементтер көбірек көрініс тапқанын, мифтік элементтер, мистикалық сарын басым болғанын, кеңістікте болып жатқан құбылыстарды қабылдамаған, мойындамаған кезде фольклорға, мифке жүк арту басым болғанын, идеяны астарлап жеткізу, дәстүрлі баяндау тәсілінен бас тарту, футуристік бейнелеу көрініс тапқанын, жаңа формаларды әкелгенін, ұлттық культтің өзгеше сипатталғанын, қоғамдық қатпарлы мәселелерге еркін барғанын, мәселені аллегориямен беру кеңінен көрінгенін, сонымен қатар осы сұхбатта айтылған тіл мәселесі: тіл жұтаңдығының бірі кемшілік, бірі ерекшелік деп қабылдау барын және қателіктер де (сөз қолданыстарында) орын алатынын жеткізсе, магистранттар сұхбатта осы талқыланған мәселелердің барлығын табуға тырысты. Әдебиеттанушы жас ғалымдар Айнұр Ахметова мен Айнұр Төлеудің, жазушы-драматург Әлішер Рахаттың пікірлері, ойлары ұнағанын ашық жеткізді.

Электронды тақтада екі топтың «Padlet» тақтасындағы жауаптары жүктелді. Магистранттарға «Padlet» тақтасының сілтемесі ұялы телефондарына жіберілді, ұялы телефондары арқылы жіберілген жауаптары ашық экраннан шығып отырды. Үшінші бөлігінде магистранттар өз жауаптарын салғаннан кейін, осы сұхбатта қамтылған мәселелер бойынша толық жауаптар қамтылған оқытушының дескрипторы ұсынылды. Магистранттар топ бойынша бір-бірін бағалағаннан кейін, дескриптор бойынша өздерін де бағалап отырды.
 
Осы сұхбатта айтылған келелі ойлар мен пікірлер, әдеби, ғылыми талдаулар сабақтың негізгі бөлімінің екінші бөлігінде әдеби шығармаларды, тақырып бойынша әңгіме жанрын талдауда көп көмегі болғаны айқын. Сабақтың негізгі бөлімінің алғашқы бөлігі аталған сұхбат бойынша талдау жұмысын жасаса, сабақтың екінші бөлігінде бүгінгі заманауи қазақ әңгімесінің моделін постер арқылы қорғап көрсетті.
Екі топ бірі аға буын өкілдерінің шығармалары бойынша қорытынды жасаса, келесі топ жас буын өкілдерінің әңгімелері бойынша постер қорғап, шығармашылық жұмыстарымен жалғастырды. Ғылыми-теориялық зерттеулер, мәтіндік талдаумен шектелмей, сурет өнері арқылы да беруге тырысты. Бұл бөлімде тәуелсіздік кезеңі бойынша әңгімелер жан-жақты талданды. Сұхбат барысында талданған әңгімелерден тыс  жаңа әңгімелер талдауға талап қойылды.

Магистранттармен семинар сабақта «Білім беру мазмұнын модернизациялау» жобасы аясында финляндялық білім берудегі тәжірибелер ескерілді.

Сабақ үдерісінде тапсырмаларды орындау, әдеби шығармаларды таңдауға еркіндік берілді. Бағалау  топпен де, өздерін бағалау, оқытушы бағалау үштігі арқылы жүзеге асырылды. Постер қорғау нәтижесінде теориялық зерттеулердің міндетті түрде болуы, ғылыми зерттеулер аясындағы ғалымдар тұжырымдар, ағылшын тіліндегі әдеби теориялық зерттеу еңбектерінен де пікірлер, мәтіндік талдау, әр әңгіме бойынша қорытынды жасап, қаламгердің әңгіме жанрындағы жаңашылдық ізденістері мен заманауи қазақ әңгімесінің жанрлық ерекшеліктерінің толық ашылуы,  өз тұжырымдарының болуы сынды бағалау критерийлері ескерілді. 

Сабақ мазмұны білім алушы магистранттарға бағытталып жасалған, шығармашылық еркіндікке бағытталған, ғылымға бағытталған тапсырмалар беріліп, аталған тақырып көтерілген пән арқылы ағылшын тілді дереккөздер табу арқылы шет тілін меңгертуге талпыныс жасау, компьютерлік технологияларды қолдану талаптары ескерілген.

Дереккөздер: пәннің силлабусында көрсетілген тақырыпқа қатысты дереккөздердің барлығы берілген. Отандық, орыс әдебиеттануы, әлемдік әдебиеттанудағы теориялық зерттеу еңбектер, ғылыми мақалалар, тәруелсіздік кезеңінде жарық көрген қаламгерлердің әңгімелер жинақталған шығармалар жинақтары, әдеби порталдардан әңгіме жанрына қатысты зерттеу  материалдары пайдаланылды. «Заманауи қазақ әдебиетіндегі әңгіме жанры» тақырыбындағы сұхбат ұсынылды. «Сана» бағдарламасы. «Abai.tv» телеарнасы. Сілтеме: https://www.youtube.com/watch?v=E8ZoUWCABOM.

Қорытындылар: Ашық семинар сабағының соңында сабақ талданды, пікірлер айтылды. Оқу мақсатына, бағалау критерийлеріне сай, құрылымы жүйелі, әдіс-тәсілдер сабақтың әр бөлігіне сай құрылған, компьютерлік технологияларды қолдану, сонымен қатар финдік білім беру мазмұнынын құрайтын талаптар да ескерілгендігін атап өтіп, жоғары бағаланды.  

Ұсынымдар: Тәжірибе  алмасу, бөлісу, тарату  мақсатында, университет сайтына, әлеуметтік желіге, облыстық не республикалық басылымдарға осы сабақ туралы материал жариялау туралысы ұсыныс айтылды.
Аталған сабақ жөнінде  және магистранттардың осы ашық семинар сабағында әңгіме жанрындағы  талдаулары республикалық «Qalamger.kz» әдеби порталында жарияланды (11.04.2024). Сілтемесі:

https://qalamger.kz/literature/debiet/b-gingi-proza-gime-bizde-de-bar-bir-pikir/1064

"Әңгіме жанрын талдаудың ғылыми мәселелері” тақырыбындағы ашық семинар сабақ

Әңгіме жанрын талдаудың ғылыми мәселелері

Қате туралы хабарландыру