Ғабит Мүсірепов. «Боранды түнде» әңгімесі

  • 1.145
Ғабит Мүсірепов – қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлесін қосқан қаламгер. «Ғабит Мүсірепов – қазақ әдеби тілінің зергері. Оның тілі, қазақ тілінің үнділігі мен нәрлілігін өз орнына қолдана білуі кез келген оқырманды таңғалдырады» деп жазады әдебиеттанушы Зейнолла Қабдолов. Қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында дүниеге келген. Белгілі ұстаз Бекет Өтетілеуовтің шәкірті болды. Бұл Ғабит Мүсіреповтің әдебиет әлеміне келуіне көп әсер етеді. Жазушының шығармаларының көбінде қазақ даласының тынысы танылып, саяси-әлеуметтік мәселелері қозғалады. «Тулаған толқында», «Қос Шалқар», «Өскен өркен», «Қазақ солдаты», «Ұлпан» т.б. шығармаларынан замана өткелдеріндегі адамзат қоғамының ішкі толқынын, жекелеген өмірлерге әсерін аңғаруға болады. Ғабит Мүсірепов шығармашылығында ерекше орын алған тақырып – ана тақырыбы. Бұл шығармалардың көркем галлиреясын тудырған қаламгер қазақ мәдениетінің жауһар туындысы «Қыз Жібек» киносының сценарийін жазады. Жазушының қазақ драматургиясындағы сүбелі еңбегі де – уақыт тоздырмас асыл қазына. «Боранды түнде» әңгімесі Жазушы «Боранды түнде» әңгімесінде ауыл үй, ағайын арасында болатын өкпе-назды оқиғаның бастапқы түрткісі ретінде ала отырып, тосын жайлы, қызықты сюжет жасайды. Оқиға бірінші жақта баяндалады. Автор кейіпкерлер әлемін баяндаушы «боқмұрынның» сәби көңілі мен дүниетанымы шеңберіне сыйғызып, бала танымына лайық, шынайы суреттейді. Өзі қатарлы қыз қылығынан ұялып, үлкендерден тосылған баланың «көл жағасында кездессе, қоғажаймен ышқындырып-ышқындырып алатын қыздың өзі екен» деп кіжінуі балаға тән мінез-құлықты аша түседі. Шығармада бала мінезі, іс-әрекеті нанымды суреттеледі. Автор сомдаған Қайсар бейнесінде сал-серілерге тұлғалық ұқсастық бар. Қаламгер шағын шығарма желісінде барлық кейіпкерлерінің образын бермей, кей кейіпкерлерінің болмысын: «...қол іске бара алмайтын адам», «...шалқып сөйлейтін, есіп тыратын адам» деген сияқты бірер сөзбен ғана еркін ашады. Күреңтөбел ат пен құмай тазы Көкдауыл арқылы қазақ тұрмысындағы аңшылық кәсіптің бағасын танытады. Әңгімеде ұлттық салт-дәстүрдің көріністері қазақ ауылдарының тұрмысына сай көрсетілген. Әңгіме желісінен зілсіз, жеңіл юмор байқалады. Оқиғаның күтпеген арнаға бұрылуы, оқырманын қызықтырып, жетелеп отырады.
7553
419
Қате туралы хабарландыру