Мұхтар Әуезов. Менің өмірбаяным

  • 1.139
Мұхтар Әуезовтің бұл автобиографиялық шығармасы алғаш рет 1967 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан 12 томдық шығармалар жинағының 1-ші томында басылды. Шығармада қаламгер өз өміріне толық шолу жасайды. Қайда дүниеге келгенін, тегін, балалық шағындағы қызықтарын оқырманмен бөліседі. Алғаш атасы Әуезден арабша хат танығанын, кейіннен немере ағасы Қасымбектің нұсқауымен Семейдегі бес сыныптық қалалық училищеге түскенін, одан әрі оқуын мұғалімдер семинариясында жалғастырғанын, қоғамдық істерге араласып, Семей облыстық атқару комитетінде қызмет еткенін көркем әңгіме түрінде қызықты етіп баяндайды. Шығармада жазушы Орынбордағы Қазақстан орталық атқару комитетінде қызмет ете жүріп, журналистика мен драматургия саласында да өз қаламының күшін байқап көргендігін айтады. Ленинград мемлекеттік университетін, кейін Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасын тәмамдағанын, сол кездің өзінде-ақ пьесалары қазақ театрларында қойылғандығын да осы шығарма айғақтай түседі. Мұхтар Әуезов өмірінің жиырма жылын қазақ әдебиетінің классигі Абай жайында роман жазуға арнады. Шығармада бұл романды жазу үшін көп ізденгендігін, атасы Әуезден естігендерін, Көкбайдың естеліктерін, Абайдың әйелдері Ділдамен, Әйгеріммен кездескендігін айтады. Мұхтардың өзі шығармада: материал жинай жүріп, мен Абайдың достарымен, сыйластарымен, бұрын қастық жасаған жауларымен де әңгімелесіп көрдім. Олардың ішінде Абайдың тұрғыластары да, солардың ұрпақтары да бар еді. Соншама ізденудің арқасында болашақ қаһарманым жайында аса көп материал жинағаным соншалық, Горькийдің «Үндемей қалуға ықтиярың жоқ нәрсе жайында ғана жаз» деген өсиетін іштей қайталап айта беруден танғаным жоқ,- дейді. Материалдың молдығы шығарманың сәтті болып шығуына көп септігін тигізгенін мақтанышпен жеткізеді. Қаламгер автобиографиялық шығармасының соңында өз елінің тарихы жайлы жаңа романдар тобын жазып жатқандығын айтады. Сонымен қатар өзінің қызметтері, студенттер арасында ағартушылықпен айналысып жүргендігі жайлы мәліметтер келтіреді.
6419
435
Қате туралы хабарландыру