Мұқағали Мақатаев. Аққулар ұйықтағанда. Эпилог

  • 1.205-2
Аса көрнекті ақын Мұқағали Мақатаев 1931 жылы Алматы облысы Райымбек ауданы Қарасаз аулында туып, 1976 жылы Алматы қаласында дүниеден өткен. Ол – халық әдебиетінің мол мұрасы – аңыздарды арқау етіп, жаңғыртып жырға айналдырған ақындардың бірі. Мұқағали 1973 жылы жазған «Аққулар ұйықтағанда» поэмасына халықтың ұғымындағы қастерлі, киелі болып саналатын аққу құс туралы аңызды негіз етіп алған. Поэманың бас кейіпкері баласының жазылуы үшін барлығына дайын, тіпті ырым, тыйымнан, дәстүрден де аттауға бар – ана. Ақын кейіпкерін үлкен таңдаудың алдына әкеліп тірейді. Ақыры хал үстінде жатқан баланы аққумен аластасаң, жазылып кетеді деген тәуіптің сөзін үміт еткен бейшара ана аққуға оқ атады. Қиянат жасау арқылы жақсылыққа қол жеткізуге болмайды деген өмір заңы поэманың шешіміне айналған. Ақын бүкіл бір ұлт қастер тұтқан наным-сенімдер арқылы табиғатты аялау, жан-жануарларға қамқорлық жасау идеясын тағылым етеді. Композициялық жағынан поэма үш тарауға бөлінген. Оқиға үшінші жақтан баяндалады. Поэманың алғашқы тарауында ақын Алатаудың басына «таста тұнған жаңбырдың тамшысындай» болып біткен көлді сипаттайды. Ақын уақытты кері жылжытып, лирикалық шегініс жасау арқылы «Жетімкөл» аталған бұл көлдің тарихына шолу жасайды. Шығарманың екінші тарауында хал үстіндегі баласын күзеткен ата-ананың жағдайы баяндалады. Әсіресе қолына мылтық алып, киеліге оқ атқан ана образы нанымды шыққан. Қалыптасқан дәстүр, халықтың кие тұтқан ұғымдары қашанда қастерлі, сол тыйымдардан аттаған адам оңбайды деген ұлттық философия поэманың үшінші бөліміне арқау болған. Поэма тек баяндауға ғана құрылмаған. Анасы мен әкесі арасындағы, қарт пен келіні арасындағы диалогтар арқылы, ананың зар илеген монологі арқылы аңыз сюжеті нанымды шыққан.
4730
249
Қате туралы хабарландыру