«BilimLand» жобасы Елбасыға таныстырылды

«BilimLand» жобасы Елбасыға таныстырылды

Бүгін, 1 шілдеде Астана қаласында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы және елдің индустрия-инновациялық дамуына арналған жиында «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқармасының төрағасы Санжар Ізтілеуов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа агенттік жобаларын таныстырды.

Таныстыру барысында Елбасыға білім беруші «BilimLand» платформасын көрсетіп, оның білім беру үдерісіндегі орны мен ерекшеліктерін сипаттап өтті.

Білім беруші «BilimLand» платформасын «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тың жетекші университеттерін бітіріп келген жастар жасақтаған. Білім беру саласындағы әлемдік тәжірибені зерттеп, зерделеген олар қазақстандық үштілді (қазақ, ағылшын және орыс) платформаны жасап шығарды. Бүгінде портал орта мектепте оқытылатын негізгі пәндердің интерактивті ресурстарының ірі кешені болып қалыптасты. Мұндағы жаратылыстану ғылымы бағытындағы пәндер халықаралық дәрежеде жоғары бағаланып жүрген фин методикасына негізделген. Платформаны оқу үдерісін ұйымдастыруда мұғалімдер ғана емес, сондай-ақ өздігінен оқып үйренуші оқушылар да еркін пайдалана алады.

«BilimLand» порталын жасаушылар Білім және ғылым министрлігімен бірлікте тығыз жұмыс істейді. Портал қызметін бүгінде Қазақстандағы 700 мектеп пайдалануда. Жаңа оқу жылында Қазақстандағы барлық өңір мектептерін қамту жоспарлануда.  Мұнымен қоса, «BilimLand» порталы қызметіне 200 мыңнан аса жеке қолданушы тіркелген.

«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік ғалымдар мен кәсіпкерлерге белсенді қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы гранттық қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде 462 өтінім қабылданып, бүгінде оның ішіндегі жалпы сомасы 1 млрд 973 млн теңгені құрайтын 58 жоба қолдау тауып отыр» – деп атап өтті  ТДҰА АҚ басқарамасының төрағасы Санжар Ізтілеуов.

 

http://kt.kz/rus/state/prezidentu_prezentovali_obrazovateljnuju_platformu_bilimland_i_sistema_semejnoj_bezopasnosti_mangust_1153623268.html