"Онлайн әлемнің" әлегі мен дәйегі

"Онлайн әлемнің" әлегі мен дәйегі

Жиырма бірінші ғасырда еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін мобильдік смартфондарды  қолданады. Әсіресе, жасөспірімдер мен жеткіншектердің смартфонды шектен тыс қолдану мәселесі ата-аналар қауымын жиі алаңдатады. Психолог мамандардың пікірінше, әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізу баланың қоршаған ортамен тез тіл табысып кетуіне үлкен кедергі болады, тіпті кей жағдайда мінезі тұйықталып, депрессияға түсуі де ғажап емес. Жастар арасында соңғы жылдары сәнге айналған "депрессияда жүрмін" сөзінің жиі қайталануы да бұған дәлел. Осы орайда баланың әлеуметтік желілерде отыруының ұтымды жақтары мен тудыруы мүмкін  келеңсіз тұстарын саралай отырып, бірнеше пайдалы ақпараттарды мысал ретінде келтірсек. 

   Әлеуметтік желілерді меңгеру- баланың жаңа технологияларды жылдам игеруіне септігін тигізеді. Сонымен қатар, үй тапсырмаларын орындау кезінде де өз бетінше ізденуге дағдыланады. Бұл баланың өзіне деген сенімділігін арттырып, тез шешім қабылдай білуге үйретеді. Ең бастысы ата-ана баласының кімдермен сөйлесіп, қандай парақшаларды қарайтынын қадағалап отыруы шарт. Себебі, қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы тарайтын спам хабарламалар мен анайы материалдар әлеуметтік желілерде өте жиі кездеседі. Соның салдарынан жасөспірімдердің өз-өздеріне қол жұмсап жататын жағдайлар да аз емес. Зерттеулер бойынша "В Контакте"- әлеуметтік желілер арасындағы ең қауіпті алаң көрінеді. Себебі, мұнда аудио-бейне материалдар мен өзге де функциялар әлемдік деңгейде кеңінен қолданылады.
    Көптеген отбасыларда ата-аналар балаларын алдаусырату мақсатында ұялы телефоннан мультфильмдер мен ойындар қосып беру арқылы баланы кішкентайынан телефонға әуес етеді. Содан соң баланың "қара қорапшаға" деген тәуелділігінің себебін іздеп әлек болады. Қажеттілік туған жағдайда, балаға пайдалы әрі қызықты интеллектуалды бағдарламалар қосып берген абзал.
   Виртуалды әлемнің тағы да бір кемшіл тұсы- адамдар арасындағы шынайылық.  Бұл адамдардың бір-біріне деген адамгершілік, жанашырлық, сүйіспеншілік сынды асыл сезімдерді жоғалтып алуға дейін алып келеді. 
  Теңгенің екі жағы болатыны секілді, кез келген дүниенің де жақсы және жаман жағы болары сөзсіз. Сондықтан балаға ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін түсіндірген абзал. Дегенмен, мүлде тыйым салу- оң шешім деуге де келмейді. Бастысы балаға дұрыс бағдар беріп, әлеуметтік желілердің тиімді жақтарын пайдалануды түсіндірген жөн.