Зағип балаларды қабылдайтын сынып ашылды

Зағип балаларды қабылдайтын сынып ашылды

Өскемендегі №19 мектепте зағип балаларға арналған бірінші сынып ашылды. 

ШҚО білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмәділованың айтуынша, бүгінде облыста көзі мүлдем көрмейтін 27 бала бар екен. Осыған дейін бұл балалар үйінен жыраққа кетіп, Семейдегі арнайы интернаттан білім алуға немесе үйден оқуға мәжбүр болған.

Ерекше сыныптың ашылу салтанатына аталмыш жобаның меценаттары – «Дара», «Алтын Қыран» сияқты қайырымдылық қорлардың құрылтайшылары қатысты.

Зағип оқушыларға арналған брайль баспа машиналары және арнайы құрылғылар басқа да керек жарақтарды сатып алуға 8 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұл қаражатты меценаттар жинап берді.

2018 – 2020 жылдарға арналған өңірдегі инклюзивтік білмді дамыту бағдарламасының аясында, ШҚО білім басқармасы ерекше балаларға сабақ беретін 28 арнайы педагог маманды дайындауға күш салғанын айта кетуіміз керек.

Тестік режимде бұл сынып 4 ақпаннан бастап өз жұмысын бастап кеткен. Бұл жердегі оқушылардың барлығы бұрын қысқартылған бағдарламамен үйден біліп алып келген.

Енді балалар толыққанды мектеп оқушыларындай ағылшын тілін де оқып, дене шынықтыру пәніне де қатысып жүр.

«Балаларымыздың қалай өзгеріп кеткенін көрсеңіздер ғой. Мектепке баруды өзіне үлкен жауапкершілік, құрмет ретінде қабылдады. Сыныптастарымен, ұстаздарымен кездесуді күн сайын асыға күтеді. Біз енді балаларымыздың болашағына сенеміз», - дейді ата-аналардың бірі.

Дереккөз: altaynews.kz