Астанада жаратылыстану-математика бағытындағы ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Қорытынды кезеңге барлығы 1088 оқушы қатысты. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған бірінші республикалық олимпиадада еліміздің шалғай елді мекендерінен келген 170 бала жеңімпаз атанды.
Марапаттау рәсіміне Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева қатысты.
«Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Ауыл мектептерінің республикалық пәндік олимпиадасы ортақ істі жүзеге асыру қадамына қосқан тағы бір үлес болды. Зияткерлік сайыстарға қатысу – әрқайсыңыз үшін үлкен мәртебе ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Әділ және тартысты айқаста сіздер терең де тиянақты білім мен тамаша дайындықты көрсеттіңіздер. Осы олимпиада тарихында бірінші рет жеңімпаз атанған, жоғары деңгейдегі медальдарды сенімді түрде жеңіп алған жеңімпаздар үшін шын жүректен қуаныштымын. Сіздерді үлкен жетістіктеріңізбен құттықтаймын!», - деді бірінші вице-министр.Алматы облысы Рахат ауылдық округіндегі орта мектептің 9-сынып оқушысы Нұрислам Әбдірахым жаратылыстану-математика бағыты бойынша ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атанды.
«Мен бұл олимпиадаға қуана-қауана қатыстым. Ауыл мектептері үшін ұйымдастырылған байқау – интеллектуалды өсуге тамаша мүмкіндік. Олимпиадада тек жүлде иеленіп қана қоймай, жаңа достар таптық, тәжірибе жинадық. Осындай мүмкіндік үшін көп рахмет», - деді Нұрислам.
Олимпиадада барлығы 170 медаль сарапқа салынды. Оның ішінде: 87 қола, 51 күміс және 32 алтын.
«2023 жылдың қараша айында ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада басталды. Мақсаты – ауылдан келген дарынды және талантты балалардың қабілеттерін анықтау және нығайту. Олимпиада жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттардың 13 пәні бойынша үш кезеңмен өтеді. Бастапқы кезеңге 80 мыңға жуық оқушы қатысты. Екінші кезеңде 25 мыңнан астам мектеп оқушылары жарысты. Олимпиаданың финалдық кезеңіне 1088 оқушы жолдама алса, оның 612-сі жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша», – деді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсынов.
Қызылорда облысы Сырдария ауданының 7-сынып оқушысы Кәусар Жарылқасын «Олимпиаданың ең жас қатысушысы» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды. «Үздік олимпиадалық команда» номинациясын Шығыс Қазақстан облысының командасы жеңіп алды. Жеңімпаздарға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының 38 ректорлық гранты, Алматы қаласындағы Республикалық физика-математикалық мектепте оқуға 6 грант берілді.
Естеріңізге салсақ, III кезеңнің барлық қатысушылары интеллектуалды жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданатын болады. Ал, I дәрежелі диплом иегерлері 2024 жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне қатысады.
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың қоғамдық-гуманитарлық бағыты 2024 жылдың 22-28 қаңтары аралығында Астана қаласында өтеді.