«2025 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысында 6600 оқушы орнына арналған 4 мектеп салу жоспарда бар. Оның екеуінің құрылысы 2023 жылы, ал қалған екеуінің құрылысы 2024 жылы басталады»,- Асхат Аймағамбетов құрылысқа дайындық жұмыстарымен танысты, СҚО тұр
554
0
1
24.11.2022
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары алдында есеп беру кездесуін өткіздім. Жиынға 300-ден астам адам қатысты.
Ата-аналар, журналистер, білім беру саласының қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарын қоя алды. Олар мектеп салу, кітапханашылардың жалақысын көтеру, мұғалімдердің жұмысқа орналасу ережелері, мұғалімдерге біліктілік беру, мектепке дейінгі ұйымдарда педагог-ассистенттер, жеке көмекшілер лауазымын енгізу, мектептерде медицина қызметкерлері штатының жетіспеушілігі және т. б. тақырыптарға қатысты болды.
Қатысушыларға уақыт бөліп келгендері және қойған сұрақтары үшін алғыс айтамын. Ал көтерілген ұсыныстар жұмысқа қабылданды.
Есеп беру кездесуінен кейін «Жайлы мектепті» жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстым. Құрылыс басталатын аумақты аралап, әкімдіктің құрылыс бөлімі басшысының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен (ИКИ) қамтамасыз етілуі, техникалық шарттардың болуы және өзге де мәселелерді шешу туралы ақпаратын тыңдадым.
2025 жылға дейін облыста 6 600 оқушы орнына арналған 4 мектеп салу жоспарда бар. Оның екеуінің құрылысы 2023 жылы, ал қалған екеуінің құрылысы 2024 жылы басталады.
Астрахань ауылындағы мектепте де болдым. Мектеп кітапханасының жұмысына, материалдық-техникалық базасын жаңартуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге қатысты шаралар қабылдауды тапсырдым.
Сонымен қатар Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейіне де бардым. Бұл білім ордасында білім басқармаларының басшыларымен және білім беру ұйымдарының директорларымен кездестім. Кездесуде жұмыс мәселелерін талқыладық, оның ішінде директорлардың аттестациясы, оқу бағдарламалары, балабақшаларды қаржыландыру, нормативтік-құқықтық актілер және т.б.
Кейін мұғалімдермен сөйлестім. Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының тиімділігі мен білім сапасы тақырыптарын талқыладық.
Сонымен бірге «Алтын бесік» балабақшасына да бардым.
Тәрбиешілер пилоттық жобаның қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы айтты. Жобаға сәйкес күндізгі уақытта топпен 1 емес, бірден 2 тәрбиеші жұмыс істейді. Тәрбиешілердің пікірінше, бұл дұрыс шешім. Өйткені балаларға көбірек көңіл бөлінеді, тәрбиешілердің жүктемесін айтарлықтай азайтады және жоба аясында екі есеге жуық жалақы алады.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Олар министрліктің бақылауында болады.
https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=pfbid0tYnnbpbX13mQ947aC7Fpw6sTbJkeGDQyWpw43gv3YZacVKpamrVt26RPAmhy6aoAl&id=1120704037&mibextid=qC1gEa
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ