Абай атындағы № 10 дарынды балаларға арналған лицей-мектебінің ұстазы Сәния Темерханова «Қазақ аруы-2019» сұлулық байқауының жеңімпазы атанды.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметіне сүйенсек, 16-22 жас аралығындағы аруларға байқаудың ережесіне сәйкес қазақ тілін жетік меңгеріп, әдебиет пен тарихты, салт-дәстүрді жетік білу талаптары қойылған. Бұдан басқа, үміткерлердің сыртқы келбетіне назар аударылған. Бойы 170 см-ден төмен емес, шашы ұзын болуы шарт. Бойжеткендер шығармашылық, зияткерлік сайыс және қазақстандық дизайнерлердің киімдерімен сән үлгісін көрсету кезеңдері бойынша сынға түскен.
Нәтижесінде бұл сынақтардан жерлесіміз сүрінбей өткен.
Өткен жылы біздің мектеп бес ұстазды жұмысқа қабылдаған болатын, - дейді Абай атындағы № 10 дарынды балаларға арналған лицей-мектебінің директоры Бағда Қазиева.
Солардың бірі Сәния біздің арнайы шақыртуымыз бойынша келді. Ол Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетін «орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген. Шарбақты ауданы Шегірен ауылы мектебінің түлегі. Жасы 21-де. Білім ордасы басшысының айтуынша, Сәния Темерханова өткен жылы «Павлодар аруы-2018» байқауының жеңімпазы атанған. Абай Құнанбайұлының 280 өлеңі мен үш поэмасын жатқа біледі және кез келген жерінен айтып бере алады. Оқушы кезінде республикалық Абай оқуларының жүлдегері атанған. - Бұл жаңалық біз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш, - дейді Бағда Қазиева. – 23 наурызда Павлодарға келеді. Түрлі қайырымдылық шараларға белсенді қатысады, жұмысқа өте жауапкершілікпен қарайды. Ата-анасы да білім саласында қызмет етеді.
Айта кетейік, кеше Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Қазақ аруы-2019» байқауында еліміздің әртүрлі өңірінен 18 ару бақ сынады. Сондай-ақ, Павлодар қаласының намысын қорғаған Сая Тұрсынбаева үшінші орынға ие болды.
Дереккөз: pavlodarnews.kz