АҒЫЛШЫН ТІЛІНІҢ 1200 МҰҒАЛІМІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБА АЯСЫНДА ТЕГІН КУРСТАРДАН ӨТЕДІ

АҒЫЛШЫН ТІЛІНІҢ 1200 МҰҒАЛІМІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБА АЯСЫНДА ТЕГІН КУРСТАРДАН ӨТЕДІ

Ағылшын тілі пәнінің 1 200 мұғалімі халықаралық жоба аясында құзыреттілігін арттыру курстарынан өтеді. Бұл туралы «Желіге шолу» айдарында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Оқу жұмысы департаментінің директоры Ержан Тілеубергенов мәлім етті.

Әлеуметтік желіде Бексұлтан Сәулет есімді оқырманымыз «Ағылшын тілі мұғалімдерін іріктеу аяқталды ма? Курстар қашан басталады? - деген сұрақ жолдапты.

Әлеуметтік желі қолданушысына «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Оқу жұмысы департаментінің директоры Ержан Тілеубергенов жауап берді. Ержан Тілеубергеновтің айтуынша, «Өрлеу» орталығы «Британ кеңесі» халықаралық ұйымымен бірлесіп ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған Future English Online Teacher Community бағдарламасы бойынша тренингтер өткізеді. Халықаралық жоба әлемнің 6 елінде жүзеге асырылып жатыр.

«Курстар 2022 жылғы 17 қазанда басталды, 2022 жылғы 23 желтоқсанға дейін жалғасады. Қазақстанда бұл жоба «Өрлеу» базасында екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Сондай-ақ бұл бастама жыл сайын болады деп күтіліп отыр», - деді «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Оқу жұмысы департаментінің директоры Ержан Тілеубергенов.

Жоба 11 апта бойы қашықтан оқытуға арналған және ағылшын тілі мұғалімдерінің үздіксіз кәсіби дамуын көздейді.

«Биыл мұғалімдерді қабылдау және олардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтау бойынша тестілеу аяқталды. Жақында 1 200 мұғалім оқуға кіріседі. Бұл жоба біздің республика мұғалімдерінің ағылшын тілін оқытудағы құзыреттілігін арттыратынына сенеміз», - деді Ержан Тілеубергенов.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ