Жаңа оқу жылының басталуына орай Қазақстан мектептерінде «алғашқы қоңырау» соғылды. Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақмола облысының ауылдық мектептерінде өткен жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиындарға алғаш рет ҚР Үкіметінің мүшелері қатысты. Үкімет мүшелері мектеп оқушылары мен ата-аналарын құттықтап, оқушыларға азаматтық пен отансүйгіштікке арналған сабақтар өткізді.
Бұл күні ҚР Премьер-Министрі А.Ұ.Мамин, экологиялық ұйымдар қауымдастығыпрезидиумының төрайымы Ә.Н.Назарбаева, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі А.Қ.Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.С.Көлгінов пен экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан бой көтерген Абай Құнанбаев атындағы №87 мектеп-гимназиясында өткен салтанатты шараға қатысты.
Салтанатты рәсім барысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мектепке қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының есімінің берілуі аса құрметті әрі жауапкершілікті екенін ерекше атап өтті. Премьер-Министр жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтап, Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген "Педагог мәртебесі туралы" Заң жобасына тоқталып өтті. Премьер-Министрдің айтуынша, Заңда мұғалімдердің мәртебесін көтеру, мұғалім жалақысын арттыру және олардың әлеуметтік өмірін жақсарту жөніндегі нақты шаралар көрсетілген.
Балаларға мемлекеттік тілде білім беретін білім ордасы гуманитарлық бағытта жұмыс істейтін болады. Жаңа мектепте ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Абайтану» кабинеті мен мұражай ашылған. «Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қоры» жаңа мектептің техникалық жарақтануына жәрдемдесу мақсатында 3D-модельдерді зерттеуге арналған «жасыл технологиялар» зертханасын сыйға тартты. Зертхананы Қордың қамқоршылық кеңесінің төрайымы Ә.Назарбаева мен ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев таныстырды. Оқу сыныптарын алдыңғы қатарлы технологиялармен жабдықтау оқушыларға болашақ мамандықтарының дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар, мектепке «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» қазақстандық зауыты жаңа үлгідегі мектеп автобусын сыйға тартты.
Салтанатты жиында Абайдың 175 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президентіне эстафета жолдаған оқушы қыз Ләйлім Рысқали көпшілікке ұлы ақынның өлеңінен үзінді оқып берді. Бүгін Ләйлім Рысқали Абай өлеңдерін оқу эстафетасын Алматы қаласындағы Абай атындағы мектепке жолдады.
Айта кеткен жөн, бүгінгі таңда Абай Құнанбаев атындағы №87 мектеп-гимназиясына 1026 бала қабылданып отыр, оның ішінде бірінші сыныпқа - 153 бала. Мектеп құрылысы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша 2017 жылғы ақпан айында басталған.
Жалпы жаңа 2019-2020 оқу жылында республика бойынша орналасқан білім ордаларында 3 миллионнан астам оқушы білім алады. Мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған бірінші сынып оқушыларының саны - 400 мыңнан астам.
Толығырақ: edu.gov.kz