Алқалы жиында Алматы қаласы, Жетісу және Алматы облыстарының мектеп директорлары, білім басқармалары мен бөлімдерінің басшылары білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
2023 жылғы білім саласындағы барлық бақылау іс-шараларының қорытындысы бойынша Оқу-ағарту министрлігі бірқатар тежеуші факторларды анықтады. Бұл, өз кезегінде, ұсынылатын білім беру қызметтерінің, білім сапасының төмендеуіне және балалардың білім алу құқықтарының бұзылуына әкеледі. Нәтижесінде министрлік тарапынан әдістемелік ұсынымдар беріп, барлық анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша жұмыс жасалды.
"Білім беру жүйесін жақсарту мақсатында министрлік 2023 жылы білім беру сапасын арттыруға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға бағытталған ірі жобаларды іске асырды. Біздің ортақ мақсатымыз — балаларды сапалы біліммен және саналы тәрбиемен қамтамасыз ету. Ол үшін әрбір басшы жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген бағдарларды анықтауы қажет", - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
Жиынға республикалық кадр резервінің мүшелері - "Білім берудегі жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшысы" бағдарламасының бірінші плеиадасының түлектері де қатысты.
"Білім берудегі жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшысы" жобасы менің көптеген әріптестеріме өзінің бағын сынауына жақсы мүмкіндік болды. Бағдарламаның басынан бастап біз іріктеудің әртүрлі кезеңдерінен өттік. Еліміздің озық мектептерінде оқыдық және тағылымдамадан өттік. Мен осы бағдарламаның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Мен еліміздің игілігі мен отандық білім берудің өркендеуі үшін одан да зор құлшыныспен жұмыс істеуге дайынмын" — деді Алматы қаласындағы М.Мақатаев атындағы № 140 гимназиясы директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Дәурен Сағынғалиев.
Естеріңізге сала кетейік, Республикалық кадр резервіне 208 үміткер кірді. Жаңа буын менеджерлері кадр тапшылығын шешуге және жаңа мектептерді, оның ішінде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынып жатқан білім ошақтарын кадрлық жағынан қамтамасыз етуге ықпал етеді деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, форумда Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысы мектептерінің басшылары сөз сөйледі. Олар Оқу-ағарту министріне тікелей сауалдарын қойып, жауаптарын алды. Кездесуге еліміздің үш облысының орта білім беру ұйымдарының 800 басшысы қатысты. Бұл іс-шара еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады.