Алматыда жоғары оқу орындарының үздік оқытушыларын марапаттау рәсімі өтті. Байқау жеңімпаздарына 6 млн теңгеден астам сыйақы берілді. Марапаттарды ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов табыстады.
Байқауда Қазақстанның 45 жоғары оқу орнының 150 оқытушысы жеңімпаз атанды. Олардың әрқайсысы 2000 АЕК (шамамен 6 миллион теңге) сыйақы алды. Педагогтерге қаржылай ынталандырумен қатар төсбелгі де табысталды.
«Біз үшін ұстаздарды ынталандыру, мамандықтың беделін көтеру маңызды. Бүгін еліміздің жоғары оқу орындарының үздік оқытушыларын жинадық. Білім және ғылым министрлігінің атынан университет оқытушыларына кәсіби шеберліктері мен қызметіне адалдығы үшін алғыс айтамын. Біз сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз. Сондай-ақ білім беру бағдарламаларын жаңартуда, академиялық адалдық мәдениетін дамытуда және жалпы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім сапасын арттыруда оң серпін бар екенін байқадық. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауының арқасында грант құны өсті, тиісінше, университет оқытушыларының жалақысы да өсті», – деді салтанатты сөзінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Өз сөзінде ведомство басшысы мемлекет білім беру сапасын арттыру және ғылымды қолдау бойынша жүйелі жұмыс жасап жатқанын еске салды. Мысалы, осыған дейін ғылыми зерттеу байқаулары үш жылда бір өткізіліп келсе, енді ол жыл сайын өтеді. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде ғылымды грант арқылы қаржыландыру мерзімі бес жылға дейін ұзартылды.
Айта кетейік, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2021» байқауына еліміздің 76 ЖОО-сынан барлығы 718 үміткер қатысты. Республикалық конкурстық комиссияның шешімімен сайыста электронды оқу ресурстарын, оқу материалдарын әзірлеу және жариялау, отандық және халықаралық журналдардағы ғылыми жарияланымдар, өнертабысқа патенттердің болуы және т.б. сияқты көрсеткіштер бағаланды. Сондай-ақ үміткердің оқыту сапасы, оның бакалавриатта, магистратурада және докторантурада кадрлар даярлау қызметіндегі еңбегі бағаланды.
Конкурс ҚР БҒМ ақпараттық жүйесінің базасында өтті, оның көмегімен қатысушыларда барлық кезеңнің ашықтығын бақылауға мүмкіндік болды. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2021» байқауына қатысу үшін өтінімдер мен құжаттар да электрондық форматта қабылданды. Бұл конкурсты өткізудің ашықтығын қамтамасыз етті. Сондай-ақ комиссия құрамында ҮЕҰ, БАҚ, студенттік және жастар ұйымдарының, ЖОО қауымдастықтарының және Академиядық адалдық лигасының өкілдері, білім беру саласының сарапшылар болды.