Ақмола облысындағы барлық мектепте IT-сыныптар ашылады

Ақмола облысындағы барлық мектепте IT-сыныптар ашылады

Биыл Ақмола облысының барлық мектептерінде Ай-Ти сыныптар ашылады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 97 млн теңге қарастырылған. Ал өңірде жалпы білім беретін 560 мектеп бар. Қазірдің өзінде аймақта «Нұр Отан» партиясының бастамасымен ашылған 62 Ай-Ти сынып жұмыс істеп тұр.

Атбасар ауданына қарасты Покровка ауылының орта мектебіндегі бұл АйТи сынып, жергілікті кәсіпкердің демеушілігімен ашылған. Қазір міне, ауыл балалары да тың технологиялардың тілін меңгеріп алған. Мұнда балалар, робототехникадан бастап, бағдарламалау, жобалау, тіпті, квадрокоптер бағдарламасын жасауды да үйренеді.

Лиана Михель, оқушы:

- Бұл бағдарламада әр түрлі ойындар, тіпті мультфильмдер құрастыруға болады. Мәселен, мен үйдегі компьютерде бірнеше анимация жасап қойдым.

Ал робототехникаға балалардың қызығушылығы өте зор. Қазірдің өзінде аймақта 2 мыңнан астам оқушы құлтемір құрастырумен шұғылданады. Олардың үздіктері жыл сайын облыстық байқауға қатысады. Енді мұндай оқушылардың қатары одан әрі көбейе түспек. Себебі, өңірдегі барлық мектептерде АйТи сыныптар ашылады.

Бағдат Қадыров, өңірлік білімдегі жаңа технологиялар орталығының директоры:

- Информатика пәнінің мұғалімдері курс өтті, біледі. Программа бекітілген, оқыту программасы бекітілген. Сол программа бойынша балаларды оқытады.

Ал ауылды жерлердегі кейбір АйТи сыныптар, бүгінде жергілікті тұрғындардың компьютерлік сауаттылығын арттыруға да үлес қосып келеді. Айталық, өткен жылдары 70 мыңнан астам адам ақпараттық технологиялар негіздерін меңгерген.

Дереккөз: 24.kz