Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде жастардың осы кәсіптерге қызығушылығы артып, еңбек нарығында білікті жұмысшы мамандарға сұраныс өсіп келеді.Мемлекет басшысы 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. Құрылыс саласына білікті мамандар даярлауда колледждердің рөлі зор. Бұл мамандар білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін де қажет.Астанада «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жүз жеңімпаздың 35-і инженерлік және техникалық мамандықтарда оқиды. Олардың арасында құрылыс, электромеханика, технологиялық процестерді автоматтандыру, электр жабдықтары, токарлық іс пен интерьер дизайны бағыттарында оқитын студенттер бар.Жеңімпаздардың 23-і ақпараттық технологиялар, 27-сі педагогикалық мамандықтар бойынша білім алады. Тағы 15 студент ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, медицина және өнер салаларында оқиды.Марапаттау рәсіміне Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Құрылтай депутаттары Айжан Наимбекова, Нұргүл Тау, Ирина Тен және Дидарбек Ділдәбек, сондай-ақ білім беру саласының өкілдері қатысты. Студенттер кәсіби жетістіктері мен қоғамдық белсенділігі үшін марапатталды. Арнайы номинациялардың жеңімпаздарына да жүлделер табысталды.Студенттер өз колледждері мен өңірлерін дамытуға бағытталған инновациялық, әлеуметтік және кәсіби жобаларын таныстырды. Қатысушылар үшін практикалық шеберлік сабақтары мен тренингтер ұйымдастырылды.Марапаттау рәсіміне KidsGo Technology Ltd, «1С Қазақстан», «Комек машинери Казахстан» ЖШС, Samruk Business Academy, DOSTI және CAES (Central Asian Educational Solutions) қолдау көрсетті.Жеңімпаздарды құттықтаймыз! Кәсіби жолдарыңызға табыс тілейміз!
Астанада колледждердің үздік 100 студенті марапатталды
5
0
0
25.11.2026
Бастапқы дереккөзге сілтеме:
ҚР БжҒМ