Студенттердің стипендиясы бюджеттен бөлінетін қосымша қаражат есебінен көтеріледі, деді брифингте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, деп хабарлайды zakon.kz тілшісі.
- Республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді. Есеп-қисаптары бар, - деді Аймағамбетов.
Оның сөзінше, бакалавриат, магистратура, докторантурада оқитын студенттердің стипендиясы 25%-ға көтеріледі.
- Бұған ешқандай кедергі жоқ. Президенттің бұл тапсырмасы уақытымен орындалады. Тек ЖОО студенттері үшін ғана жылына шамамен 13 млрд теңге. Бұған колледждерде оқитын студенттерді қоссақ, бұл тағы шамамен 5-6 млрд теңге. Бұл өте үлкен сома, бірақ мен мұны маңызды шешім деп санаймын, - деп қосты министр.
Министр студентердің стипендиясы 2016 жылдан бері көтерілмегенін, бұл жаңалықты студенттер көптен күтіп келгенін айта кетті.
- Бұл жерде стипендияның бәріне бірдей 25%-ға көтерілетінін айту керек. Өйткені бізде оқу үлгеріміне, мүгедектігі немесе асыраушыдан айырылғанына байланысты жоғары стипендия алатын тұлғалар да бар. Түрлі санаттар бар, бұл жерде барлық санаттар үшін стипендия 25%-ға көтеріледі, - деп түсіндірді БҒМ басшысы.
Толығырақ: zakon.kz