Қазақ авторларының әдеби шығармаларын әлемнің 6 тіліне аудару жобасы жалғасын табатын болды.
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен тұсаукесер шарасында ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға жауапты жұмыс тобының жетекшісі Аида Балаева айтты. Оның айтуынша, жинаққа енуге әбден лайық авторлар әлі деп көп. «Жазушылар одағы бұл жұмысты жалғастыруды өтініп Президент әкімшілігіне хат жазды. Бұл ұсыныс Ұлттық комиссияда қаралды. Комиссия мүшелері Жазушылар Одағының ұсынысын қолдады. Болашақта бұл жұмыс жалғасын табады. Енді Жазушылар одағы келесі антологияға кіруге тиіс авторлар тізімін жасақтауға болады», - деді Аида Балаева.
Сонымен қатар, оның айтуынша, биыл «Әдеби өлкетану» жобасы аясында тағы 8 өңірге әдеби экспедиция жасалады. «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында тағы бір ерекше жобаны қолға алған болатынбыз. Жазушылар Одағының бастамасымен, облыс әкімдерінің көмегімен «Әдеби өлкетану» жобасы іске асуда. 30-ға жуық қаламгер 9 өңірге әдеби экспедиция жасады. Биыл күзге дейін 8 облыс қамтылады. Соның арқасында әдебиетімізге тәуелсіз елдің жаңа келбетіне арналған 50-ден астам жаңа шығарма қосылды. Жоба нәтижесінде әр өңірдің тұрмыс тірлішігі мен тарихы, фольклоры жинақталып оқырмандарға жеткелі отыр. Бұл шығармалар кітап болып шығады. Әдеби процеске серпін беретін «Әдеби өлкетану» жобасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында өрісін кеңейтуде. Барлық құзырлы органдар өкілдері кіретін арнайы Ұйымдастыру комитеті құрылды. Біз қазақ өнері мен мәдениетінің дамуының жаңа тарихи жолына түстік деп толық айта аламыз», - деді А.Балаева.
Сондай-ақ, биыл тұңғыш рет Азия құрлығы қаламгерлерінің бірінші форумы өтеді. Оған Азия құрлығының 46 елінен әлемге әйгілі 100-ге жуық қаламгер, Нобель сыйлығының лауреаттары қатысады.
Айта кетейік, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазіргі қазақ әдебиетінің антологияларын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмысы қолға алынған болатын. Бүгін Достық үйінде 60 автордың шығармаларының алғашқы аудармасы көпшілікке таныстырылды. Көркем шығармаларды 6 тілде сөйлету үшін бірнеше кезеңмен жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, жолма жол аударма, көркем аударма, көркем аудармаға әдеби редакция жасау, қазақы ұғымдарға түсініктеме жазу деген сияқты жұмыстар атқарылды. Осы мақсатта Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Қытай аудармашылары Қазақстанға келіп, ел мәдениеті мен салт дәстүрімен танысты. Екі жыл арасында екі антология аудармасы аяқталып, алғашқы нұқсалары қолымызға тиді.
Антологиялардың әрқайсысы 10 мың данамен жарық көрді. Ағылшын тіліндегі кітаптар - әлемнің 17 мемлекетіне, араб тіліндегі кітаптар Таяу Шығыс пен Африкадағы 22 елге, испан тіліндегі аударма - әлемнің 20 еліне, қытай тіліндегі кітаптар 1,5 млрд халқы бар Қытай аудиториясына, орыс тіліндегі антология 14 елге, француз тіліндегі кітаптар Еуропа мен Африканың 17 елінің ірі оқу орындарына, кітапханалары мен ғылыми орталықтарына жеткізіледі. Биыл күзде осы елдерде антология таныстырылады.
Дереккөз: inform.kz