Қазақстанда пандемияға байланысты мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап демалысқа шығады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлім етті.
«Қазақстанда пандемияға байланысты қоғамдық іс-шаралар оның ішінде мәдени, спорттық, көпшілік іс-шаралар, семинарлар, жиындар, көрмелер өткізуге тыйым салынады. Денсаулық сақтау, білім беру нысандарында және қоғамдық көпшілік орындарда, хылықты қамтамасыз ету орталықтарында, коммуналды шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, сауда базарларында, қоғамдық тамақтану, вокзалдар мен әуежайлар, қонақ үйлер күшейтілген санитарлық дезинфекциялық режимде жұмыс істейді. Сондай-ақ қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік объектілерге, әлеуметтік оңалту орталықтарына, мүгедек балаларға оқу орнына баруға тыйым салынады», деді Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар ол оқушыларға каникул кезінде өңірден тыс жерлерге экскурсияға шығуына тыйым салынғанын айтты.
«2020 жылдың 16 наурызынан 5 сәуіріне дейін орта білім беру мекемелері уақытынан бұрын демалысқа шығады. 16 наурыздан бастап колледждер мен ЖОО-лар қашықтан оқыту түріне көшеді», деді вице-премьер.
Еске сала кетейік, бұған дейін ДДСҰ коронавирусты пандемия деп жариялауына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылатынын хабарлаған болатынбыз.
Сурет: ©Турар Казангапов
Толығырақ: egemen.kz