Қазақстанның 30 оқушысы Францияның ең беделді университеттерінде заманауи мамандықтарды меңгеретін болды.
Қазір олар арнайы шәкіртақы бағдарламасымен осы елдің силикон алқабы саналатын ғылыми орталығында дайындықтан өтіп жүр. Білімнің басы бейнет, соңы зейнет дегендей, оқушылар жарты жыл бойы ғылыми қалашықта білім алып жүр. Жалғыз демалыс күнінде уақыт тауып, тілші тілегін құп көріп, оқу ордасына ең жақын орналасқан Канн қаласын бетке алды.
Ақерке Батырша, Вальбонн халықаралық орталығының оқушысы:
- Ер жетпей, жасөспірім кезімізде қолымыздан келетін жалғыз ісіміз - Қазақстан мен әлемнің бетке ұстар оқу орындарында білім алу болып тұр. Осыдан кейін отанымызға оралып, үйренгенімізді Қазақстанда қолданып, еліміздің экономикасын көтеруіміз керек.
Жаңа шәкіртақылық бағдарлама - Франция елшілігі мен Зеңгір жағалауындағы Қазақстанның құрметті консулдығы бірлесіп жүзеге асырған жоба. Ең талантты шәкірттерді қабылдайтын орталық түлектері Францияның жетекші инженерлік жоғары оқу орындарында білімін жетілдіру мүмкіндігіне ие болады.
Дамир Дүсіпов, Вальбонн халықаралық орталығының оқушысы:
- Бұл Францияда баға жетпес білім алудың мүмкіндігі, әсіресе осындай беделді оқу орнында. Болашақ мамандығымды әлі таңдаған жоқпын, бірақ ол математика немесе физика саласымен байланысты болады.
Оқудың алғашқы жылында балалар тек инженерия негіздерін меңгереді. Кейін маманданатын саласын таңдайды. Бұл жасанды интеллектке байланысты зерттеулер, жаңа дәрілер шығару немесе биоинженерия секілді жоғары технологиялық бағыттар. Осында білім алып жүрген жасөспіріміздердің барлығы да кейін туған жерге оралып, отан игілігі үшін еңбек етуді мақсат санайды.
Источник: 24.kz