Қазақстандық жастардың жобаларына АҚШ пен Еуропа елдерінен сұраныс түседі

Қазақстандық жастардың жобаларына АҚШ пен Еуропа елдерінен сұраныс түседі

Серпінді жобалар - қарқынды дамудың кепілі. Елімізде осындай ілкімді жоба жасаушылар жеке компаниялар құрып, бәсеке нарығына шығып жатыр.

Өткен жылы 70-ке жуық компания «Startup Kazakhstan» халықаралық акселерация бағдарламасының екінші кезеңіне өтті. Өндірісті цифрландыру, қаржы технологиялары мен электронды сауда. Жеті жыл бұрын бұлардың барлығы баяу дамып келе жатқан салалар еді. Ал бүгінде инвесторларды тартатын әрі кез келген ірі корпорациялардың қызығушылығын арттыратын негізгі құрал саналады. Ұтымды әрі тың бастамалар үшін инвесторлар қомақты қаржы бөлуге әзір. Қазірдің өзінде бастамашыл, талапты жастардың озық ойларына Еуразиялық экономикалық аймақта, АҚШ пен Еуропа елдерінде сұраныс көп. «Анығын айтқанда, 10 стартап-жобаның тек бірі ғана қолдау табады деп ойлағанбыз. Алайда қазір серпінді жобалардың басым бөлігі өміршең деп танылады. Олар белгілі бір салаға енгізіліп, дамып келеді. Сол арқылы жеке компанияның өсімі де жылына 200-300% жетіп отырғанын көреміз. Сөйтіп, олардың бағасы артатындығы қуантады», - дейді «Almaty Techgarden» бас директоры Санжар Кеттебеков. Қазақстандағы экология мен қоршаған ортаның тазалығы өзекті мәселе. Бұл жөнінде жас инженерлердің өз ойлары мен ұсыныстары бар. Озық технологияға негізделген құралдар атмосфераның ластануын өлшейді. Сонымен бірге салынып жатқан энергокешендердің жобаларын бағалап, ірі өндіріс орындарының экологиялық қауіпсіздігін анықтай алады.

«Экологиялық кешенде бірнеше модуль бар. Яғни, модуль - аудит. Соның көмегімен біз кәсіпорынның экологияға келтірер зиянын біле аламыз. Мысалы, өндіріс қуатын арттырып, өнім көлемін ұлғайтқан жағдайда ол ауа тазалығына қалай әсер ететінін тексеруге болады», - дейді экологиялық стартап-жоба авторларының бірі Нұрлан Дайыров.

Жасыл экономика мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда жастар жағы белсінділік танытып келеді.

Мысалы арнайы бағдарлама жүйесі бар мобильдік қосымша. Соның көмегімен шаруалар алқаптарды араламай, уақыт жұмсамай егістік ахуалы туралы ақпарат алып отырады. «Жоба мақсаты - біздің ауылшарушылық өнімдеріне ғарыштан бақылау жүргізу. Ғарыш аппараттар суретке түсіріп, жер бедерін өңдеп, соңғы пайдаланушыға оның вегитациясы, ылғалдығы бойынша және өсімдіктің статусы бойынша мәліметтер алады», - дейді , Назарбаев зияткерлік мектебінің ғылыми зерттеушісі Жандос Керімқұлов. 


 Дереккөз: 24.kz