«БАЛАЛАРДЫҢ ИГІЛІГІ ҮШІН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ҚАЛАЙ ӨТІП ЖАТЫР?

«БАЛАЛАРДЫҢ ИГІЛІГІ ҮШІН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯСЫ ҚАЛАЙ ӨТІП ЖАТЫР?

Еліміздің барлық өңірінде «Балалардың игілігі үшін» акциясы өтіп жатыр. Әлеуметтік сұрақтарды шешу мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, «Дені сау бала» акциясы аясында республиканың барлық өңірінде ерекше білім алуды қажет ететін балаларға көмек көрсету мақсатында қайырымдылық шаралары өткізіліп жатыр. Инклюзивті білім беру үшін тиісті жағдай жасалып, түзету және психологиялық-медициналық-педагогикалық кабинеттердің (ПМПК) саны артып келеді.

Жергілікті атқарушы органдар да ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ерекше балалар мен жетім балаларға арналған түрлі байқаулар, ойындар, бағдарламалар ұйымдастырды. Мысалы, Павлодарда трамвай мен теплоходқа арнайы экскурсиялар өтті. Ал Көкшетау қаласында демеушілер мен меценаттар қатерлі ісікке шалдыққан балалардың тілегін орындады. Балалар лагерьге жолдама, компьютер, ұялы телефон және басқа да сыйлықтарға ие болды.

«Балалардың игілігі үшін» акциясы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа балалар алаңдары, спорт алаңдары, білім беру, дамыту, шығармашылық орталықтары ашылып жатыр. Сондай-ақ балалар лагерьлері салынып, қалпына келтірілді. Мысалы, Қостанай облысында бөлінген қаражат есебінен «Алый парус» балалар сауықтыру лагеріне күрделі жөндеу жүргізілсе, Қызылорда және Ақмола облыстарында 4 жаңа лагерь қайта пайдалануға беріледі.

«Білімді бала» тақырыптық блогы аясында жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің пәндік олимпиада жеңімпаздарымен, ғылыми және әлеуметтік жобалар байқауларының, шығармашылық фестивальдердің жеңімпаздарымен кездесулері өткізіліп жатыр. Колледж студенттері арасында «Өз мамандығының үздігі» байқаулары ұйымдастырылды. Мәдениет және демалыс саябақтарында балалар суреттерінің көрмелері, граффити, асфальтта сурет салу конкурстары өтті. Қазақстандық белгілі жазушылармен, спортшылармен және әртістермен кездесулер ұйымдастырылды.

Балалар жылында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балалардың құқықтарын қорғау бойынша іс-шараларды белсенді түрде өткізіп жатыр. Сайт, «Бала Қорғау» Telegram-чат, Call-орталықтар, балалар мен ата-аналар көмек пен қолдау сұрап, жүгіне алатын сенім телефондары құрылды. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында балаларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған «Балаға лайық» акциясының бірінші кезеңі аяқталды.

«Бұл іс-шараның барлығы балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге және өскелең ұрпақтың дамуына қажетті жағдай жасауға бағытталған. Балалардың әл-ауқаты – Мемлекет басшысы айқындаған басымдықтардың бірі. Министрлік балалардың физикалық және психологиялық денсаулығын қолдау және жақсарту, оларға сапалы білім беру, қауіпсіз және жайлы ортаны құру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

Бастапқы дереккөзге сілтеме: ҚР БжҒМ